
Бүгін Сыр өңірінің бас имамы Дастан Жанасұлының төрағалығымен Қызылорда облысының дін қызметкерлеріне арналған облыстық алқалы жиын өтті.
Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өткен басқосуға қала және аудан мешіттерінің имамдары, қайырымдылық мекемелері мен Қарилар дайындау орталықтарының директорлары қатысты. Жиын барысында 2026 жылы жүзеге асырылатын басым бағыттар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасы, сондай-ақ ҚМДБ-ның жылдық жұмыс жоспары кеңінен таныстырылды.
Айта кетейік, Астана қаласында өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде Бас мүфти 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр мен отбасы, сондай-ақ жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттары негізгі төрт басымдық ретінде белгіленді. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай рухани-танымдық жобалар іске асырылып, бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатыны айтылды.
Жиын қорытындысында бас имам аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде мешіт қызметкерлерінің жауапкершілігі зор екенін атап өтіп, бекітілген жоспарға сай жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ бірқатар имамдар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

12