ҚМДБ Жастар ісі секторы, Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен “Исламдағы отбасы; сүйіспеншілік пен құрмет” атты жас жұбайлармен кездесу өтті. Байқоңыр қалалық “Жәрімбет” мешітінде өткен семинарда мешіт имамы Өміржан Жұмаділдаұлы жастарға насихат айтты.
Жиын барысында бас имам қазіргі қоғамдағы отбасы мәселелері, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігі, бала тәрбиесіндегі шариғи қағидалар мен отбасылық тыныштықтың рухани негіздері жөнінде жан-жақты түсіндіріп берді.
“Отбасы – Жәннатқа бастар жол. Ерлі-зайыпты бір-біріне аманат, ал бала – Алланың сынағы мен сыйы. Сондықтан Исламдағы әр отбасы сабыр, шүкір, кешірім және махаббат негізінде өмір сүруі тиіс”, – деді имам.
Семинар аясында Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, ер мен әйелдің шариғаттағы орны, ортақ мақсат пен рухани үйлесімнің маңыздылығы сөз болды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар беріліп, шынайы өмірден алынған мысалдармен ой түйіндеу жүргізілді.
Іс-шара соңында жас отбасыларға арнайы дұға жасалып, мешіт атынан отбасылық тақырыптағы кітапшалар мен насихат парақшалары таратылды.



