
Қызылорда қаласында «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбында конференция-семинар өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қызылорда облысы өкілдігіне қарасты «Әйел-қыздар» секторы ұйымдастырған іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, рухани тәрбие беру және қоғамдағы әйелдің рөлін айқындау.
Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар қатарында ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Нұрғалиева Динара және Шымкент қаласы бойынша сектор жетекшісі Досжанова Балжан болды. Қонақтар қоғамдағы әйелдің рухани-адамгершілік миссиясы, отбасы тәрбиесі мен діни сауаттылықтың маңыздылығы жөнінде баяндама жасап, қатысушыларға мазмұнды насихат ұсынды.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, психолог маман мен орталық жетекшілері жастармен жұмыстың тиімді әдістері, қыз балалардың тұлғалық дамуы туралы пікірлерін ортаға салды.
Шараға «Әжелер мектебі» мүшелері де қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті, өнегелі кеңестерін жеткізді.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар тарапынан қонақтарға алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі








