ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/21/2023 72

КЕЛІН ТӘРБИЕСІ ЕНЕГЕ СЫН

Қызылорда облыстық “Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінде “Әйелдер-қыздар” секторының ұйымдастыруымен “Келін тәрбиесі енеге сын” тақырыбында пікірсайыс өтті.
Аталмыш шараға облыстық “Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінің және қалалық “Құддыс ишан” мешітінің белсенді әйелдер жамағатынан құралған “Асыл аналар” тобының мүшелері қатысты.
“Келін тәрбиесі қылдай нәзіктікті талап етеді. “Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді” демекші, қазіргі таңда келінді түтіп жеп, отырса да, тұрса да аяғынан шалатындар жоқ емес. Осы орайда келін мен ене тәрбиесі қай заманда да өзекті.” – деп кіріспе сөзімен бастаған ҚМДБ “Әйел-қыздар” секторының облыстағы жетекшісі Ләззат Ахметқызы қатысушыларға ғибратқа толы насихатын айтса, ақ жаулықты апаларымыз келін тәрбиесіне қатысты өнегелі сөз, орамды пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, арнайы дайындалған видео-роликтер көрсетіліп, ситуациялық сұрақтар қойылды. Шәкірттер әйелдерге қатысты хадистер оқыды. Ене мен келін арасындағы мәміленің жоқтығы, келінді жөн-жосықсыз айыптау, жас-жұбайларға бағыт-бағдар берудің орнына, ортасына от салу сынды мәселелер сөз болды.
Ақ дастарқан басында жалғасқан игі шара “бір күндік ырыс, қырық күндік берекені кетіреді” дегендей, ене әр ісінде Ана әрі дана болғаны абзал. Жаңа түскен келіннің ісі шала болса, шүйлікпей, ретімен түзеп отырса, ол – ененің көрегендігі” деген тұжырыммен аяқталды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі