ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
10/29/2026 5

«ҚҰРАН – ЖҮРЕГІМНІҢ НҰРЫ»: ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Қызылордада Құран Кәрімнің отызыншы парасын жатқа оқудан «Құран – жүрегімнің нұры» атты облыстық жамағатаралық жарыс өтті.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне қарасты қалалық «Айтбай» мешітінің ұйымдастыруымен өткен рухани сайысқа облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы қатысып, қатысушыларға қолдау білдірді.
Жарыстың басты ерекшелігі – сайысқа арнайы діни білім беру мекемелерінің шәкірттері емес, бос уақытында мешітке келіп, ұстаздардан Құран үйреніп, жаттаған шәкірттер қатысты. Облыстың жеті ауданы мен Қызылорда қаласынан жиналған 43 үміткер Құран Кәрімнің отызыншы парасын жатқа оқудан бақ сынады.
Қазылар алқасы қатысушылардың оқу мәнерін, тәжуид қағидаларын сақтауын және аяттарды дұрыс оқуын бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Ержігіт Амандықов пен Самат Мұхамеджанұлына беріліп, әрқайсысы 150 мың теңгеден қаржылай сыйлық алды. Екінші орын иегері Жанарыс Сағындық 300 мың теңгемен марапатталды. Ал бас жүлде иегері Әлішер Оңғарға ұмра қажылығына жолдама табысталды. Сонымен қатар Асылжан Снасап пен Алтынбек Сәрсенов «Көрермен көзайымы» атанды.
Тағылымды шараның мақсаты – қасиетті Құранды насихаттау, оны өз бетінше және мешіт ұстаздарының көмегімен жаттап жүрген жамағат өкілдерін қолдау, сондай-ақ мешіттер арасындағы рухани байланысты нығайту.
Ұйымдастырушылар жарыстың өтуіне үлес қосқан демеушілерге, қазылар алқасына, ұстаздар мен қатысушыларға алғыс білдірді.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Screenshot