ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
12/25/2019 20

«Шебер әйел» орталығы алғашқы түлектерін ұшырды

ҚМДБ-ның Қызылорда облыстық өкілдігі жанынан Қазақстандағы БАӘ елшілігі мен UMMET қоғамдық қорының демеушілігімен 20 тігін машинасымен жабдықталған «Шебер әйел» қолөнер орталығы ашылған болатын. «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде осы орталықтың алғашқы түлектеріне сертификат табысталды.

Шараға ҚМДБ-ның Қызылорда облысы өкілдігінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, облыстық өкілдіктің Әйелдер-қыздар секторының жетекшісі Ләззат Сыдықова және «Шебер әйел» қолөнер орталығының ұстазы Жазира Кадирова қатысты. Жиында шәкірттер 3 айлық курс барысында өз қолымен тіккен киім үлгісін көрсетті.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әйелдің базалық киімдерін тігу технологиясы» бойынша өткен 3 айлық тігін курсына әлеуметтік жағдайы аз қамтылған және жұмыссыз қыз-келіншектер тегін қатысып, «Сафиа» тігін шеберханасының директоры, модельер-конструктор Жазира Ермекқызынан тігін өнерінің қыр-сырын меңгерді.

«Үш ай ішінде курс қатысушылары базалық киімдерді, атап айтар болсақ, белдемше, көйлек секілді киім үлгілерін тігуді үйреніп шықты. Әйелдердің бұрын тігін машинасын пайдаланып көрмегенін ескерер болсақ, бұл аз уақыт ішінде көрсетілген жақсы нәтиже» деді Жазира Ермекқызы.

Бас имам Болатбек Ұласқанұлы шәкірттерді құттықтай келе, игі бастама әлі де жалғасын таба беретінін жеткізіп, орталықтың алғашқы бітірушілеріне сертификат табыстап, ұстаздарын Алғыс хатпен марапаттады.