ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/19/2019 401

СЫР ИМАМДАРЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты Сыр имамдарының аймақтық форумы өтті.

Форумға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсенбаев Серік Әбішұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Досманбетов Бақберген Сәрсенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Маханов Талғат арнайы шақырылып, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бастаған қала, аудан және ауыл имамдары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, облыстық дін саласындағы Ақпараттық түсіндірме топ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы Қазақстан мұсылмандар дін басқармасының бастамасымен көптеген игі істер жасалуда. Бүгінгі шара да соның бір парасы деп санаймыз. Бүгінде дін қызметкерлері жауапкершілігі мол имандылық қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқандығын қоғам жақсы сезініп келеді. Қазіргі таңда қоғамның құндылықтарын насихаттаған кезде ең алдымен бірлігімізді алдыңғы қатарға шығарамыз. Яғни, ұлы даланың құндылықтары мен ислам мәдениеті және өркениеті түйісіп үйлесуі бүгінгі күннің талабы болып отыр. Бұған мемлекет те, дін де тікелей жауапты, міндетті және парызы деп санаймыз», – деді форумда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы өзінің баяндамасында ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» құжаттарына кеңінен тоқталып, аталған құжаттардың бүгінгі қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылады.

Сонымен қатар, Қызылорда облыстық арадагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Сәрсенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы сөз сөйлеп, келелі ой-пікірлері мен тағылымды тұжырымдарын ортаға салды.

Жиын соңында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Сыр жұртшылығына форум үндеуін жолдаған соң, дін саласында қызмет атқарушы бірқатар имамдарымыз Қызылорда облысы әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі