Қызылорда қаласындағы «Hayat Palace» Салтанат сарайында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының атынан ауызашар берілді.
Қасиетті Құран аяттарымен басталған ақ дастарқан басында Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы қонақтарға Бас мүфтидің игі лебізін жеткізіп, мүбарак Рамазан айымен құттықтады. Және де ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігінің біршама атқарылған шаралары мен қолға алынған бастамалар туралы баяндады.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы:
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оған қарасты облыстағы өкілдіктердің жұмыстарына қанықпыз. Сіздердің ел ішінде алауыздыққа жол бермеу және қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау жолында жасап жатқан еңбектеріңіз өркендей берсін. Сыр өңірі халқының атынан алғысымды айтамын! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!»-деп, өңір халқының атынан ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар, «Облыстық ардагерлер кеңесі» ҚБ төрағасы Серік Әбішұлы және айтыскер ақын М.Ниязовтар да жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, өкілдікке алғыстарын білдірді.
Ауызашарға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Б.Камалов және өзге де облыстық басқарма басшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары, экс-сенатор Б.Досмамбетов, Қалалық кеңестің алқа мүшесі С.Аңсатов, депутат, кәсіпкер Қ.Ерназар, “Сыр Медиа” орталығының директоры А.Оңғаров, «Қоғам Тв» телеарнасының директоры Ш.Әбдікәрімов, қоғамдық ұйым жетекшілері, Е.Уәйіс бастаған зиялы қауым өкілдері, ардагер ақсақалдар, өнер адамдары, спортшылар секілді әр түрлі саланың майталман мамандары, кәсіпкерлер мен мешіт жанашырлары, БАҚ өкілдері және белсенді ерікті жастар қатысты.
Берекелі отырыста, қонақтар қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні мен жыр-термеден сусындап қайтты.
Қонақтарға өкілдік тарапынан дайындалған «Рамазан» сөмкесі сыйға берілді.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі