ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
06/13/2025 25

СЫР МЕШІТТЕРІНДЕ «ИМАНИ ЖАЗ – 2025» ЖАЗҒЫ САУАТ АШУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Сыр өңіріндегі мешіттерде мектеп жасындағы балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі мазмұнды өткізуге бағытталған «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады.
Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне көңіл бөлу, олардың бойында адамгершілік пен имандылық қасиеттерін қалыптастыру.
Қызылорда облыстық «Ақмешіт–Сырдария» орталық мешітіндегі ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы ата-аналар мен балаларды оқу курсының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Биылғы жылы аймақ бойынша 1455 ата-ана баласын жазғы діни сауат ашу курсына қатыстыруға ниет білдірген.
Курс барысында балаларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Имандылық әліппесі» оқулығы негізінде білім беріледі. Мешіт ұстаздары шәкірттерге тазалық, көркем мінез, ізеттілік, Құран әріптері мен дұғаларды үйретіп, олардың діни сауатын арттыруға көңіл бөледі.
Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі спорттық жарыстар – футбол, садақ ату, эстафеталар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, танымдық викториналар, шығармашылық сайыстар мен мәдени орындарға экскурсиялар өткізу де жоспарланған.
ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі