ҚМДБ-ның Сыр өңірі бойынша бас имамы Болатбек Абуов облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз мәслихатын өткізді.
Брифингте Болатбек Абуов аймақтағы барлық мешіттер есігі айқара ашылғанын хабарлап, карантин режимінде сақталуы тиіс бірқатар талаптарға тоқталды. Бас имам ҚМДБ бекіткен талаптарға сәйкес карантин ережелерін сақтай отырып, мешіттерде жеке құлшылық жасауға, Құран оқытуға және неке қидыруға рұқсат етілгенін айтты.
Мешіттер ашылғанымен елімізде карантин режимі аяқталмағандықтан, бірқатар шектеулер алынбағанын атап өтті. Нақтырақ айтар болсақ, жамағатпен намаздар оқылмайды. Сондай-ақ, мешітте 15 минуттан артық болуға болмайды. Әр 3 сағат сайын залдар залалсыздандырылады. Ал Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізілмейді. Кіріп-шығу есіктері бөлек болады. Тағы ескере кететін жайт – неке қидыруға келуші мұсылмандармен тек куәгерлер ғана болуы шарт.
Сонымен қатар, мешітке келушілер міндетті түрде бетперде тағуы қажет. Антисептик құралдарын пайдаланып, 1,5 метр арақашықтықты сақтау міндеттеледі. Сақтық ережелеріне байланысты қол амандасу құпталмайды. Барлық мешіттер таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Елімізде COVID-19 жұқпалы ауруының таралуы толықтай тоқтағамандықтан, Бас имам аймақ халқын биылғы Рамазан айының қасиетті Қадір түнін үйде өткізуге үндеп, түсіністік танытуға шақырды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі