ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
12/08/2019 319

ҚЫЗЫЛОРДАДА МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (фото)

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның дүниеге келген айының құрметіне орай аймақтағы барлық мешіттерде түрлі шаралар ұйымдастырылып, кештер өткізілген болатын. Аталмыш шаралардың бірі – Н.Бекежанов атындағы драма театрда «Адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед (с.ғ.с.)» тақырыбында өткен облыстық рухани кеш.

Кешке ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Б.Абуов, облыстық ішкі саясат басқарма басшысы Т.Маханов, депутат Қ.Ерназаров және де бірқатар сыйлы азаматтар қонақ болды.

Қасиетті Құран Кәрім аяттарымен ашылған кеш барысында қалалық “Әл-Уәли” мешітінің бас имамы Батырбек Убаев әсерлі уағызымен Алла Елшісінің өнегелі өмірін еске түсіріп, тарихтан сыр шертті.

Одан кейін «Н.Бекежанов» театры әсерлі қойылымдарымен жан тебірентсе, айтыскерлер тартысты айтыстарымен мерекелік күйге бөледі.

Кештің көркін ашқан «Нұр» мешітінң Бас имамы М.Үркімбаев пен қари Ш.Садуовтың және «Құран жаттау» мешіт шәкірттерінің орындауында мәуліт жыры оқылып, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар жолданды.

Сонымен қатар, шарада «Тұран» триосы діни әуендерден шашу шашса, күмбірлеген домбыраның қоңыр үніне кезек беріліп, Ү.Айжігітұлы, Ж.Талғатұлы, А.Рахметов сынды термешілер терме арнады.

Шара соңында Бас имам Болатбек Ұласқанұлы құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты шараларға кезек берді.

“Ел үлесі пәтерге” республикалық жобасы аясында республика бойынша 160-шы пәтер кілті Жалағаш ауданы тұрғынына табысталды. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының “30 жылдықта 30 баспана” акциясы аясында мешіт имамдарының ішінде 30 жас отбасыны баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, қалалық “Мубарак” мешітінің бас имамы Н.Махамбетов баспаналы болды. Бұдан кейін, бірқатар азаматтар алғыс хатпен марапатталды.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі