ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/10/2020 129

«Жарасымды отбасы» тренингі өтті

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жарасымды отбасы» тренингі өтті.

Тренингті алғысөзбен ашып берген «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Жеңіс Әбибуллаұлы ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Ұласқанұлының ыстық сәлемдемесін жеткізді. Сондай-ақ ол «30 игі шара» республикалық акциясы аясында бастау алған бірқатар жобаларды таныстырып, облыстық мешітте «Діни сұрақтар бойынша кеңес беру» орталығы үздіксіз жұмыс істейтінін айтты.

Бұдан кейін тағылымы мол рухани кештің басты спикерлері қоғамдағы өзекті мәселелердің түйінін шешуге арналған тақырыптар бойынша уағыз-насихат айтты. Қалалық «әл-Уәли» мешітінің бас имамы Батырбек Тұрғанбайұлы бала тәрбиесіндегі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен тәлімді мысалға келтіре отырып,  ата-ана мен бала арасында берік көпір орнату, салиқалы ұрпақ өсіру туралы ой саларлық кеңесін бөлісті. Ал «Нұр» мешітінің бас имамы Марат Үркімбайұлы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, міндеттері мен құқықтары, бақытты отбасы болудың құпиясы жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, кеш қонақтарына мағынасы мол мазмұнды видеороликтер көрсетілді. Кеш соңында көрермендердің қатысуымен «Сұрақ-жауап» ойыны ойнатылды.

Нәтижесінде үш кезең бойынша барлық сұраққа дұрыс жауап берген Ілесбек есімді азамат Кіші қажылыққа жолдама жеңіп алды. Одан бір ұпайға ғана есе жіберген Шынболат бауырымыз жүлделі екінші орынды иемденіп, Samsung S10 маркалы ұялы телефонды қанжығаға байлады. Айта кетейік, мерекеге арналған мерейлі шараның басты демеушілері – үнемі шарапаты мол сауапты істердің қасынан табылатын белсенді азаматтардан құралған «Нұр» мешітінің ерікті жамағаттары.

Тегін тренингке келіп, берекелі кештің куәсі болған 350-ге жуық көрермен ерекше әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға риясыз ризашылығын жеткізді. Алдағы уақытта да осындай ерекше форматтағы тағылымды жобалар көптеп жүзеге асырылуына тілек білдірді.