ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01/28/2025 1154

ОТБАСЫНДАҒЫ МЕЙІРІМДІЛІК – БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

ОТБАСЫНДАҒЫ МЕЙІРІМДІЛІК – БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛЖақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдады. Бас мүфти 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады.

«Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асырамыз» деп атап өтті Бас мүфти.

Халқымызда: «Отан отбасынан басталады», – деген даналық сөз бар. Отбасы – адам үшін қасиетті ұғым. Еліміздің ертеңі отбасына байланысты. Елдің мәртебесін асқақтататын батыр да, ғалым да, хәкім де отбасынан шығады.

Ислам діні некенің бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақтың шайқалмауын көздейді. Сондықтан шариғат заңында неке мәселесі ерекше орын алады. Өйткені кішкентай шаңырақтан қоғам құрылады. Ер мен әйел тату болса қоғамда да жайлы тұрмыс орнайды.

Дінімізде ер мен әйелдің өздеріне тиісті міндеттері бар. Олар тиісті міндеттерін дұрыс атқарса, онда шаңырақта қуаныш пен бақыт орнайды. Мемлекетіміздің тұғыры биік болуы үшін әрбір отбасында береке мен бірлік болуы керек. Ислам дінінде отбасылардың ажырасуы құпталатын іс емес.

Отбасының иесі – ер адам. Сондықтан, отбасындағы барлық жауапкершілік ер адамға артылады. Шариғат ер адамға отбасындағы кез-келген мәселеде сабыр етіп, ашуды ақылға жеңдіріп, байыппен оңды шешім қабылдауын қалайды. Ер адам әуелі өзгені емес, өзін тәрбиелеуі тиіс. Бұл – маңызды мәселе. Өйткені, қоғамды жақсылыққа өзгертуді уайымдаған адам ең әуелі өзін өзгертуі қажет.

Өзгенің бойынан жақсы қасиеттерді көргісі келген пенде сол асыл құндылықтар өзінің тұла бойынан көрініс табуы керек. «Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді», – деп баяндаған. Адам түзелсе, оның отбасынан жақсылықтың нышаны байқалады. Отбасы түзелсе, қоғам, қауым ізгілікке қадам басады.

Екіншіден, Құдай қосқан қосағымызға жақсы қарау, яки оның бойына көркем мінез құндылықтарын қалыптастырып, адами қасиеттің алтын дәнін егу керек. Әйел – Алланың аманаты. Оның әдебі мен тәрбиесіне жолдасы жауапты. Қыз-келіншекке тән нәзіктік оның табиғи жаратылысына қатысты құбылыс. Оның сезімталдығы мен жалпы болмысын қалыпты жағдай ретінде қабылдаған абзал.

Жаратушы Жаббар Иеміз «Ниса» сүресінің 19-аятында күллі адамзат баласына: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп әмір еткен. Алланың нәсіп еткен сыйын разылықпен қабылдап, оған жақсы қарап, көркем қарым-қатынас жасау – мұсылманның міндеті.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін», – деген. Пайғамбар сүннетіне адалдық оның амалдарын орындаудан басталады емес пе?

Даналық мектебі болған Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген екен. Екі жастың жан дүниесі осындай асыл қасиеттермен безендірілген болса, ол шаңырақ бақытты болады. Ер адам нәпсі мен ашуын емес, әрдайым ақылын басшылыққа алса, ой таразысына салып шешім қабылдап, бақытты отбасын құруға талаптанса, сабырды серік етсе, оның отбасы бақытқа бөленеді.

Бабаларымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса өлгенiнше өш болады», – деп тектен тек айтпаса керек. Ислам діні ер адам сүйікті жұбайына жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болуын міндеттейді. Өйткені әйел адам – ер азаматтың өмірлік адал жары, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніші.

Ата-бабаларымыз әйелді бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен дүниені тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Сондықтан да ол – жұмсақ мінез бен көркем мәміле жасауға ең лайықты. Әйелге лайық, отағасылық мiндеттi атқару – әрбір мұсылман ерге парыз. Себебі, әйел Жаратқан Иенің ер адамға тапсырған аманаты болғандықтан, сол аманатқа қиянат жасау мұсылмандыққа тән қылық емес. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдеріңіз үшін Алладан қорқыңыздар! Өйткені сіздер Алла алдында оларды аманат етіп алдыңыздар», – деген.

Амр ибн әл-Ахуас әл-Жушами (ол кісіге Алла разы болсын) былай деген екен: «Пайғамбарымыз қоштасу қажылығында Алла Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік білдірген соң жамағатқа былай деп насихат айтқанын естідім: «Әйелдеріңе жақсы қараңдар, өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар. Анық арсыздық жасамайынша (күйеуіне опасыздық жасамайынша немесе бойсұнудан бас тартпайынша), олармен тек жақсы қарым-қатынаста болуға тиіссіңдер. Сендер үшін бұдан басқа жол жоқ…». Демек, әйелдің әлдебір сөзі немесе оғаш қылығы ажырасуға басты себеп болмауы керек.

Алла Тағала қасиетті Құранда отбасында ер адамның рөлі мен орнын ерекше атап өткен. «Нисә» сүресінің 34-аятында былай делінген: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қорған болу, қамқорлық жасау сынды мәселелерде) әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) маңызды жауапкершілік арқалағандығы…».

Бұл аяттан нағыз ер адам өз әйеліне әрқашан қорған болуы тиіс екенін анық аңғарамыз. Сонымен қатар отбасын асырау, бала-шағаны жақсылыққа тәрбиелеу ер азаматтың асыл міндеті екенін білеміз. Бұл аят ер адамға барлық істе үстем, биік болу керектігін үйретуде. Демек үлгі-өнеге көрсетуде ең бірінші ер азамат алға шығуы керек.

Алла Тағала баршамыздың отбасымызға бақ-береке, шаңырағымызға шаттық, бала-шағамызға имани тәрбие нәсіп етіп, екі дүние бақытына бөлегей! Әмин!

 

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы