ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
05/05/2020 244

Пайғамбар өсиеті

 Әбу Аюб әл-Ансари: Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: “Маған қысқа да, нұсқа өсиет айтыңызшы”, – деді. Ол (с.а.у.) оған: “1) Намаз оқығаныңда қоштасушының намазындай оқы, 2) ертең сол үшін кешірім сұрайтын сөз айтпа, 3) адамдардың қолындағыдан үмітіңді түбегейлі үз”, – деп қысқа қайырды. (Ахмад)

1. Бұл жердегі “қоштасушының намазындай оқы” дегенді Мулла Әли әл-Қари екі түрлі түсіндіреді: 1) “Бәрінен бет бұрып, Алла Тағалаға жан-тәніңмен беріліп оқы”. Өйткені, хадистегі “مودع” деген сөз “тәрк ету” дегенді де білдіреді. 2) “Ең соңғы намазыңдай оқы. “Ажал аяқ астында” болғандықтан бос үмітке салына берме”. (Мирқатуль Мафатих 9/415)

2. “Мұсылманның жүрегі тілінің алдында, мұнапықтың тілі жүрегінің алдында” деп Хасан әл-Басри айтқандай, Алла Тағалаға, О дүниеге шынайы иланатын мүмін әрбір сөзін айтпай тұрып ой елегінен өткізіп алуы керек. Ол Ертең, я болмаса әрбір сөз бен істің есебі сұралатын Қиямет күні осы бір сөзім үшін өкінбеймін бе деген сұрақтың елегі.

3. Сондай-ақ, масылдық – мұсылманға жат мінез. Егер адамдардың алдында абыройлы болғың келсе, оларға қолыңды жайма деп Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан екен. Сол сияқты, “Сұрау – кедейлікке бастайды” деген де хадис бар.

“Ал егер оған (пайғамбарға) бағынатын болсаңдар, тура жолды табасыңдар”. (“Нұр” сүресі, 54-аят)

@dastan_kurmanbayev