ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/09/2022 54

ПАЙҒАМБАРДЫ ТҮСІНДЕ КӨРГЕН ЖІГІТТІҢ ОҚИҒАСЫ

ПАЙҒАМБАРДЫ ТҮСІНДЕ КӨРГЕН ЖІГІТТІҢ ОҚИҒАСЫ

Бұл оқиға маған ерекше әсер етті. Естігенде көзіме жас алдым. Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көрген жігіттің оқиғасы туралы жолдасыма баяндап бергенімде ол да көз жасына ерік берді.

Қоңырқай тіршілік кешіп жүрген бір танысым бар. Анасының қайтыс болғанына бірнеше жыл болды. Жас болса да екі қарындасы, әкесі мен ағасы соның қамқорлығында. Өзі де, ағасы да үйленген. Бала-шағасы бар. Сол жігітке, оның отбасына қолдан келгенше көмектесіп тұрамын. Бұл маған ерекше күш береді…

Өмірде жақсы адамдар көп қой. Олардың бір қажетіне жараған сайын өзіңді бақытты сезінесің. Әлгі жігіт – сондай жанның бірі. Менімен ашық сөйлеседі. Сырын жасырмайды. Жуырда басынан өткен бір оқиғаны айтып берді…

Айлығы шайлығына жетпейтін ол мұңын шақса, бір Аллаға білдіреді. Қанша қиналса да алақан жайып, ақша сұрамайды. Намысты жігіт. Бір күні қаражаттан әбден қиналып кетсе керек. Қажетін адамнан емес Алладан сұрап, Оған үздіксіз мадақ айтып, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтыпты.

Әсерлі оқиғаны сол кісінің сөзімен баяндайын: «Аға, менің тұрмыстық жағдайымды сіз жақсы білесіз ғой. Сізден ештеңе жасырған емеспін. Бір күні қаражаттан қатты қысылып кеттім. Бірнеше кісіден қарыз алғаным бар. Ол да үлкен уайым болып жүрген. Қарыз бен уайымнан құтылу үшін оқылатын арнайы дұға бар. Ұстазым үйреткен дұғаны түнде жатар алдында бірнеше рет оқыдым. Кемі мың рет Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айттым. Кешірім дұғасы мен салауатты тоқтаусыз айта бердім, айта бердім. Бір кезде әбден шаршап, қалай ұйықтап кеткенімді білмей қалыппын…

Түсімде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрдім. Жүзін көрсетпестен: «Маған жолдаған сәлеміңді қабыл алдым. Уайымдама! Алла қаласа, бәрі жақсы болады. Ертең қуанышты хабар жетеді» деп, аяңдап кері кете бастады. Мен оның нұрлы дидарын көргім келіп, соңынан қалмай жүгіріп келем. Енді оң жағына жақындай бергенде ол ақырын ғана байсалды қимылмен солға қарай бұрылып, жүзін жасырды. Мен сол жағына қарай ыңғайланып, жүзін көруге талпынып едім, ол оң жаққа қарай ақырын бұрылып, тағы да жүзін көрсетпеді. Сосын көп ұзамай көзден ғайып болды…

Оның нұрлы жүзін көруге қатты талпынғанмен, бұл әрекетімнен нәтиже шықпады. Екі дүние сәруары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак жүзін көру нығметінен әп-сәтте мақұрым қалып, өңменімді өксік кернеп, жылай беріппін, жылай беріппін. Таң намазына тақау уақытта шошып ояндым. Көзден шыққан жас бет-жүзімді жуыпты. Үсті-басым су. Әбден терлеппін. Ұйқым шәйдай ашылып, аяқ-қолым дірілдеп, біраз уақытқа дейін өзіме келе алмадым. Таң намазынан кейін әдеттегі шаруама кірістім. Бір қуанышты хабарды іштей күтіп, үміттеніп жүрдім…

Түске таяу біз тұрып жатқан пәтер иесі хабарласып, жұмыс кеңсесіне келуімді өтінді. Жалдап тұратын үйдің қожайыны кәсіпкер. Мүмкін осы кісі бір қуанышты жаңалық айтып қалар деген ниетпен құстай ұштым. «Бауырым, сенің отбасылық жағдайыңды жақсы білемін. Бір өзің үлкен шаңырақты алға сүйреп келесің. Кейде пәтер ақысын уақытылы төлей алмай қаласың. Бәрін түсінемін. Осы жылғы табысымның зекетін саған, сенің үлкен отбасыңа берсем деген ойға келдім. Егер қарсы болмасаң, осы қаражатты сен алсаң. Игілігіңе қолданарсың» деді. Мен не дерімді білмей, «Алла разы болсын, аға! Алла разы болсын, аға!» дей беріппін. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ертең қуанышты хабар жетеді», –деген сөзі тағы есіме түсіп, көзімнен жас ыршып түсті. Бұл қуанышты хабардың басы екенін қайдан білейін…

Бір кезде әлгі үй иесі: «Үй сатып алуға қаражатың бар ма? Егер жинаған ақшаң болса, сен тұрып жатқан үйді өзіңе сатсам» деген ниетім бар еді. Оған қалай қарайсың? Қанша қаражатың бар?» десе бола ма? Бірнеше жылдан бері пәтерден пәтер жағалап, үйсіз жүрген мен үшін бұл ұсыныс төбемнен суық су құйып жібергендей әсер етті. Не айтарымды білмей, тосылып қалдым. «Аға, менің қолымда сіздің берген мына зекетіңізден басқа ештеңе жоқ» дедім. Шынында, әңгіменің тоқетері осы еді. «Алғашқы жарна ретінде аз-маз болса да қаражат бере алмайсың ба?» деп, мені тағы тығырыққа тіреді. «Аға, менің бір басымда қаншама қарыз бар. Оны несіне жасырайын. Егер маған үйіңізді сатуды ниет еткен болсаңыз, мына зекет ақшасын ғана бере аламын» деп, өзімше «талап» қойдым. Ол кісі «мен ойланайын, жауабын ертең айтамын» деді. Сөйтіп үнсіз шығарып салды…

Осы қуанышты жайтты әкеме, ағама, жеңгеме, қарындастарыма жеткіздім. Бәріміз дұға жасауға келістік. Егер сол үй біздің құлшылығымыз бен тіршілігіміз үшін қайырлы болса Алладан оның нәсіп болуын тіледік. Шынында, бізге ненің қайырлы екені бір Құдайға аян ғой. Бір-бірімізбен сөйлесуді доғарып, тек дұға жасап, кешірім тілеп, Пайғамбарға салауат айттық. Ертесіне таңертең үй иесі хабарласып: «Мен сенің жағдайыңа қарамастан үйді ешқандай жарнасыз өзіңе сатуға шешім қабылдадым. Қазір нотариусқа барып, келісім-шарт жасайық. Үйдің ақшасын ай-сайын қанша мөлшерде бөліп төлеймін десең де мен оған разымын. Ең бастысы ниетімді Алла қабыл етсе болғаны» деді. Сонымен менің «талабым» бойынша айына қыс мезгілінде 200 мың, жаз кезінде 300 мың теңге жіберіп тұруға заңды түрде келістік. Бұл қуанышты хабарды естіген үй-іші мәре-сәре күйге енді. Бәріміз қуаныштан көзімізге жас алдық…

Сөйтіп нотариусқа барып, үйді сатып алу құжатын рәсімдедік. Маған берген зекетті өзіне қайтардым. Зекет есебінен үйдің жалпы сомасының біраз бөлігі азайды. Бұл – менің өмірімдегі ұмытылмас күннің бірі еді… Аллаға сансыз шүкірлер мен Оның елшісіне салауаттар болсын!

Қазір Құдайдың нәсіп еткен осы үлкен үйде тіршілік етіп жатырмыз, аға. Бізге бұл жер үй өте қолайлы. Өйткені үлкен үй екі отбасыға арналып салынған. Екі жанұяға екі бөлек есіктен кіресіз. Құдды Хақ Тағала бұл үйді о баста біздің әулетіміз үшін тұрғызған секілді. Аллаға шүкір, Аллаға шүкір…»

Біздің әңгімеміз осы жерден кілт үзілді. Өйткені бәрі түсінікті еді. Осы сәтте Осман империясын бірнеше жыл басқарған Абдулхамид ханның оқиғасы есіме түсті. Күн сайын ұйықтар алдында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтатын сұлтан түннің бір уағына дейін мемлекет ісімен айналысып, әбден шаршап, салауат айтуды ұмытып, жұмыс үстелінде көзі ілініп кетеді. Көп ұзамай, бір кәсіпкер Абдулхамид ханға келіп: «Сіз маған қарызсыз. Соны алуға келдім», – дейді. Мұны түсінбеген сұлтан себебін сұрағанда: «Мырзам, мен саудамен айналыстым. Ісім алға баспай, шаш-етектен шығынға баттым. Әр күні жатар алдында Аллаға дұға етемін. Кеше түнде түсімде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрдім. Ол маған: «Біздің Хамид кеше Алланы еске алуды, маған салауат айтуды ұмытты. Оған бар да өзіңе қажет қаражатты ал», – деді. Сол үшін сіздің алдыңызға келіп тұрмын», – деген жауап алады.

Абдулхамид «қарызын» сұрап келген әлгі кәсіпкерге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «біздің Хамид» деген сөзін төрт рет айтқызып, төрт қалта алтын беріп жібереді. Егер сұлтанның көмекшісі саудагерге «саған осы жеткілікті емес пе?» деп тоқтатпағанда Абдулхамид Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «біздің Хамид» деген сөзін тоқтаусыз тыңдап, бүкіл байлығын беріп жіберер ме еді…

Ханның көмекшісі: «Әміршім, ол сіздің бар байлығыңызды алып қоя жаздады ғой» дегенде, Абдулхамид былай жауап береді: «Ант етейін! Егер ол менен сұрағанда бүкіл байлығымды билігіммен қоса берер едім. Кеше түнде үстелімде отырып ұйықтап қалыппын. Салауат айтуды ұмытып кетіппін. Қателік жасадым. Алла бізді кешірсін».

Бір күні Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныш  байқалады. Сол кезде сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз» дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» деді». Мен: «Әрине, разы боламын» деп жауап бердім» деген.

Тағы бір хадистердің бірінде: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді» делінген. Алла Тағала баршамыздың екі дүниеде мерейімізді үстем етіп, дәрежемізді арттырғай. Әмин!

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №20, 2022 жыл