ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/26/2021 114

РАМАЗАНДАҒЫ АДАМ ЖАНЫНЫҢ ОЯНУЫ

Күнделікті өмір барысында күйбең тіршілікке берілу арқылы адамның өзін-өзі тануы мен зейінінің ашылуы қиынға соғады. Қасиетті Рамазанның бірінші күнінен бастап Ораза айт мерекесіне дейінгі ауыз бекіту – мұсылман адамның тұлғалық дамуына негіз бола алады.

Құранда Рамазан жайлы: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп айтылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның қадір-қасиеті жайлы былай деген: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі» (Бұхари).

Рамазан жылдың өзге айлары тәрізді ай емес. Оны басқа айлардан ерекшелендіретін ең маңызды көрсеткіш, бұл ай – айлардың Сұлтаны. Сол себепті Рамазан – адам үшін Алланы жиі еске алып, ұзақ уақыт бойы Оның құзырында екеніңді сезінетін мезгіл. Күндіз ораза ұстау, тарауық намазын оқу, нәпіл құлшылықтарды орындау және өзге де ізгі амалдар – Аллаға жақын болу үшін табылмас құрал.  Әрине басқа күндері де біз Құдайдың құзырындамыз. Десе де Рамазан айында пенде мен Раббысы арасындағы барлық перделер көтеріле бастайды. Біз осы керемет мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет.

Рамазан айында ішіп-жеуді тоқтату арқылы ағзамызды жеңілдетіп, жанымызды оята аламыз. Жай күннің өзінде аз тамақ жеудің пайдасы мол.

Бұл туралы имам Шафиғи (оған Алланың рақымы болсын): «Тамаққа тою тәнді ауырлатады, қабылдауды әлсіретеді, ұйқышылдықты шақырады және адамның құлшылығын төмендетеді», – деген. Сондай-ақ біздің жанымыз Алла Тағала жіберген асыл Құран аяттары арқылы қуат, нәр алады. Осынау рухани кемелдену үшін қасиетті Рамазаннан артық уақыт жоқ.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі Жәбірейіл періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді» (Бұхари, Мүслим).

Көріп отырғанымыздай, Рамазан айы – тәніміздің ғана емес, жанымыздың дамуына да үлкен әсерін тигізетін бірден-бір мүмкіндік. Сондықтан бұл айдың берекесі, жақсылығы мен рақымына ие болу үшін мұсылман әр сәтті бағалап, оны құнды және баға жетпес байлық ретінде қабылдауы керек.

Берекелі Рамазан айы екі дүниемізді де берекелі еткей! Әмин!

 

Ислам МАРАТҰЛЫ,

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы