ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
09/26/2018 324

ҚҰРАН ОҚУДАН ТОСАТЫН САНАДАҒЫ 4 БӨГЕТ

Егер күнделікті Құран оқып тұруға тырысқан болсаңыз, бұл жағдай таныс болары сөзсіз. Бұл жағдай алғаш Құран жаттауды қолға алған жандарға да таныс болар. Кей кездері бұл бөгеттің себебін түсінудің өзі мүмкін болмай кетеді.

Бұл мақаламызда Құран оқуды әдетке айналдыруға кедергі жасайтын себептерді қарастырмақпыз. Ол себептермен таныс болу –  мәселені шешу мен олармен күресуге ашылған жол деуге болады.

 

«Құран оқығанда қате жіберу – күнә» деген сенім

 

Бұл көзқарасты ұстанатын адам тәжуид қағида мен ережесінің маманы болып кетсе де, ешуақытта Құран оқып үйрене алмайды. Себебі, қатесіз бір дүниені үйрену мүмкін емес. Сәби де сүрінбестен қаз басып, жүріп кете алмайды.

Сол себепті, бұл қорқынышты жеңу үшін бұл сенімнің не нәрсеге негізделгенін қарастырайық.

Адамзаттың ардақтысы болған әз елші ﷺ:

«Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда тілі келмей қиналса, екі сауап алады»,- деген.

Бұл жерде пайғамбар ﷺ екі түрлі адам жайлы айтып тұрғанын көреміз. Біріншісі – тәжірибелі адам, яғни Құран оқығанда еш қиналмай, еркін оқи алатын адам. Екіншісі болса, керісінше, сүрінеді, оқыған кезде қиналады. Алайда ол жіберген қатесіне қарамастан, екі сауап алады, себебі ол адам Құран оқу қиын соққанына қарамастан, ары қарай тырыса алады.

 

Уақыттың тапшылығы

 

Құранды тұрақты түрде, күнде оқып отыруға уақыт табу қиынға соғатын кездері болатыны жасырын емес. Күн құстай ұшып өте шықса, түнде уақыт арнап Құранмен «күресуге» әліміз жоқ, шаршаймыз.

Мұндай адам Құран оқығанға берілетін сауап пен оның Алла Тағаланың алдындағы дәрежесінің жоғарылайтынын жадында сақтасын. Бұл ой оның күніне жарты сағат уақытын Құран оқуға бөлуге мүмкіншілік іздеуіне жәрдем береді. Ал ең жақсы уақыт – таңсәрі екені белгілі. Бұл уақытта періштелер біздердің оқыған аяттарымыздың куәсі болмақ:

«Күндіз түс ауғаннан қас қарайып, түн болғанға дейін намазды кемеліне жеткізіп оқы, әсіресе, таң намазын оқы. Өйткені таң намазына, әсіресе, қиямда тұрып Құран оқылғанда періштелер келіп, куә болады» («Исра» сүресі, 78-аят)

Ендеше, бұл уақытта ойымызды бөлетін барлық нәрсені ұмытып, осы уақытты Раббымызға арнайық.

 

«Оқыған аятқа зейін қоя алмаймын» деген қорқыныш

 

Бұл қорқынышты түсіну біраз қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан да түсіндіре кетейік. Біраз адам алғашында Құранды тұрақты түрде оқып жүреді де, кейін оқуды тоқтатады. Себебі, Құран оқыған кезде ойы жан-жаққа шашырап, неше түрлі ойлар келіп жатқанын аңғарады. Бұл Құранға деген құрметсіздік болып табылады деген ойдан қорыққан адам оқуын мүлде тоқтатады.

Шайтанның адам баласына құрған тұзағы сан алуан, өрілген тор секілді болғанымен, мығым емес. Араб тілін білмейтін адамның Құранға толығымен зейін қойып, оны түсініп оқуға тырысуы қиынның қиыны. Жоғарыдағы келтірген хадистегі екі сауап алатын адам деп осындай жандар меңзеліп тұр. Олай болса, тағы да айтарымыз – жас баланың тілі де былдырлай келе анық шығатынын ұмытпайық.

 

Жеңілінен бастаңыз

 

Күніне бір пара оқуды мақсат етуге болмайды. Күнделікті Құран оқуды әдетке айналдырудағы мақсат – тапсырманың өте қарапайым болмауы болса да, шектен тыс ауырын да арқалап алудың қате екенін ұғынуда жатса керек.

Құран адам баласын күйзеліске емес, жан тыныштығына жетелуі тиіс. Сондықтан әуелі ең жеңілінен бастап, уақыт өте келе үлкен сүрелерді оқыған дұрыс.

 muftyat.kz