ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/14/2021 42

ҚҰРБАН ШАЛҒАНДА НИЕТ ЕТУ ШАРТ ПА?

Негізінде әрбір іс міндетті түрде ниет етумен басталады. Кейбір ғибадаттарда нақты ниет етілмесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалуы мүмкін.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنما الأعمال بالنيات، وإنما لكل امرئ ما نوى

«Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады», – деген[1].

Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт табылу қажет: сау мал болу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.

Құрбан шалғанда былай ниет ету сүннет: «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!». Басқа сөзбен айтса да, немесе «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп қысқа қайырып қойса да болады. 

Жабир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын):

شَهِدْتُ معَ رسولِ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ الأَضحى بالمصلَّى، فلمَّا قَضى خطبتَهُ نزلَ من منبرِهِ، وأُتِيَ بِكَبشٍ فذبحَهُ رسولُ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ بيدِهِ، وقالَ: بسمِ اللَّهِ واللَّهُ أَكْبرُ، هذا عنِّي، وعمَّن لَم يضحِّ من أمَّتي

«Мен Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге мешітке барып құрбан айт намазына қатыстым. Сонда ол құтпа оқып болған соң мінберге түсті. Бір қошқар әкеліп, «Бисмилләһи, Аллаһу акбар, бұл құрбандықты менің және құрбандық шалмаған үмметімнің атынан қабыл ет» – деп, қойды қолымен бауыздады», – деді[2]

Қайткенде де ниет құлшылық етушінің санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді. 

Осы орайда, құрбандық ғибадатында ниеттің маңыздылығын көрсететін мына мысалдарға тоқталып өтсек:
  1. Қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.
  2. Кедей адам құрбандық шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Ниет етіп алған құрбандығын шалмаса әрі құрбан шалу уақыты өтіп кетсе, байға ұқсап садақа беруге міндетті болады.
  3. Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені, иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады[3].
  4. Бір кісіден жеті кісіге дейін бірігіп, сиыр, не түйе шалғанда, олардың әрқайсысы құрбандықты ниет етулері тиіс. Араларындағы біреуі соғым немесе жәй ет алу ниетімен қатысса, ешбіреуінің үлесі құрбандыққа есептелмейді[4]

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Бұхари риуаят еткен.

[2] Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.

[3] Әл-муфассал фил-фиқһ әл-ханафи, 217.

[4] Фәтауа Һиндия, 5/351.