ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/19/2021 2621

ҚҰРБАНДЫҚ ҚИССАСЫНЫҢ ҒИБРАТЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, қасиетті құрбан айт мүбәрак болсын!

Алла Тағала шалатын құрбандықтарымызды, жасаған дұға-тілектеріміз бен  тағат-ғибадаттарымызды қабыл қылғай!

 

Қасиетті құрбан айт туралы айтылғанда, біз Ибраһим мен ұлы Исмаилдың қиссасын еске аламыз. Бұл әлемдердің Жаратушысы Алла Тағаланың қасиетті Құранда баян еткен оқиғалардан болғандықтан, онда адамзатқа үлгі боларлық көптеген өнеге мен ғибраттар бар. Қасиетті Құранның  «Ағраф» сүресінің  176-аятында Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَاقْصُصِ الْقَصَصَ لَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُون

«Қиссаларды баянда, мүмкін олар ойланатын шығар», – деп айтқан.

Құрбандық жайындағы бұл қиссада баяндалғандай, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көп уақыт Аллаға жалбарынып, салихалы ұрпақ тілейді. Алла Тағала сүйікті құлының дұғасын қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмаил атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Пайғамбарлардың түсі уахи саналатындықтан, Ибраһим (а.с.) бұл бұйрықты орындауға бел байлайды.  Баласына түсін баяндағанда, ұлы да еш ойланбастан «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз», – дейді. Ибраһим ұлын етпетінен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып қалғанда пышақ өтпейді. Екінші мәрте пышақты қатты басып тұрып тағы қайталап тартып көріп еді, екінші мәрте де пышақ өтпейді. Сол уақытта оған: «Я, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – делінген дауыс естіледі. Әрі ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі.

Бұл ғажайып оқиға қасиетті Құранның «Саффат» сүресінде былай деп баяндалады:

«(Ибраһим): «Раббым маған ізгілерден болған бір ұл бер!», – деп дұға етті. Оны өте биязы бір ұлмен қуанттық. (Ұлы) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Уа, балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көрдім, назар аудар, қалай қарайсың?» – деді». (Сонда Исмаил) «Уа, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа мені сабырлылардан табасың», – деді. Сөйтіп, ол екеуі де бойұсынған кезде (әкесі) оны маңдайымен жатқызды. Біз оған «Я, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – дедік. Расында, бұл бір ашық сынақ еді. Оны ірі бір  құрбандықпен ауыстырдық».

Ислам ғұламалары бұл қиссадан біздердің өмірімізге қажетті көптеген ғибраттар алған. Сол ғибраттарға қысқаша тоқтала кетейк:

БіріншіАлладан бала тілегенде оның ізгі болуын сұрау

Қазақ халқында «Я, Алла, бала бер, бала берсең, сана бер» деп тілек тілейтіні тегін емес. Жаратушыдан ұрпақ сұраған кезде оның қайырлы, ізгі болуын сұраған жөн. Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасына назар аударар болсақ:

رَبِّ هَبْ لِي مِنَ الصَّالِحِينَ

«Раббым маған ізгілерден болған бір ұл бер!», – деп тілеген.

Хәкім Абай қара сөзінде: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың?», – дейді.  Өйткені ұрпақ ізгі болғанда ғана ата-анасына, халқына пайда келтірумен қатар, ата-анасы дүниеден өткеннен кейін де оларға тигізер пайдасы мол болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إذَا مَاتَ الإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَمَلُهُ إلاَّ مِنْ ثَلاَثَةِ، إِلاَّ مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Адам дүниеден өткенде оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар: үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салихалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы», – деген (имам Муслим).

Қасиетті Құранда Зәкәрия пайғамбардың да (оған Алланың сәлемі болсын):

رَبِّ هَبْ لِي مِنْ لَدُنْكَ ذُرِّيَّةً طَيِّبَةً إِنَّكَ سَمِيعُ الدُّعَاءِ

«Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шексіз Сен дұғаны естушісің», – деп дұға еткендігі айтылған.

Екінші, әке мен бала арасындағы мейірімділік

Отбасы мүшелерінің өзара мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасауы – отбасы бақытының негізгі кілттерінің бірі. Бұл қиссадан да отбасы мүшелерінің өзара қандай жылы қарым-қатынаста болу керектігін үйренеміз. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көрген түсін баласына жеткізген уақытта:

يَا بُنَيَّ إِنِّي أَرَى فِي الْمَنَامِ أَنِّي أَذْبَحُكَ فَانظُرْ مَاذَا تَرَى

 «Уа, балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көрдім, назар аудар, қалай қарайсың?», – дейді. Баласы да оған жауап берген уақытта да:

يَا أَبَتِ افْعَلْ مَا تُؤْمَرُ سَتَجِدُنِي إِن شَاء اللَّهُ مِنَ الصَّابِرِينَ

«Уа, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың», – деп айтады. Демек, Ибраһим баласын еркелеткен түрде «Уа, балақайым!» деп атаған болса, баласы да әкесін «әкетайым» деп атаған.

Үшіншібаламен ақылдасудың маңыздылығы

Қиссада Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көрген түсі жайлы ұлының пікірін сұрап:

إِنِّي أَرَى فِي الْمَنَامِ أَنِّي أَذْبَحُكَ فَانظُرْ مَاذَا تَرَى

«Сені түсімде бауыздағанымды көрдім, назар аудар, қалай қарайсың?» – деп айтуында үлкен ғибрат бар.  Көп отбасыларда, қандай да бір мәселеге қатысты шешім қабылдарда, үлкендер өздері ақылдасып, баланы елемей жатамыз. Ендеше, отбасында кей мәселелерді баламен де ақылдасып отырған дұрыс. Бұл оның ой-санасының өрбуіне, өзіндік ойын айта алуға, болашақта өз бетімен шешім қабылдай алуына, кез-келген ортада жасқанбай өз пікірін білдіруге тәрбиелейді.

Төртінші, болашаққа қатысты істі айтқанда «Алла қаласа» деп айтудың маңыздылығы

Дініміздің үйрететін көркем әдептерінің бірі мұсылман адам болашақта істеуге жоспарлаған әлде бір істі айтарда «Алла қаласа» деген сөзді айтуы қажет. Себебі әрбір іс Алланың қалауымен ғана жүзеге асады. Исмаил әкесіне:

أَبَتِ افْعَلْ مَا تُؤْمَرُ سَتَجِدُنِي إِن شَاء اللَّهُ مِنَ الصَّابِرِينَ

«Уа, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа мені сабырлылардан табасың», – деуі де осыдан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінің 23-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَلَا تَقُولَنَّ لِشَيْءٍ إِنِّي فَاعِلٌ ذَلِكَ غَدًا * إِلَّا أَنْ يَشَاءَ اللَّهُ

«Еш нәрсені: «Осыны ертең істеймін» деп айтпа. Бірақ: «Алла қаласа (жасаймын) де», – деп айтқан.

Бесінші, пайғамбарлардың түстері ақиқат

Түс әртүрлі болады. Ол «иләһи» яғни, жақсы түс болуы мүмкін. Бұндай түс көрген адам Алла Тағалаға мақтау айтуы тиіс. Екінші «шайтани» жаман түс болады.  Жаман түс көрген адам төсегінен тұрғанда сол жағына үш мәрте түкіріп, Алла Тағалаға жалбарынып түстің жаманшылығынан сақтауын сұрайды. Әрі бұндай жаман түс көргендігі жөнінде ешкімге тіс жармағаны дұрыс. Үшінші адамның күндізгі ой не іс-әрекетінен туындайтын түстер. Бұндай түстер әдетте мағынасыз болады.  Ал, Алла Тағала тарапынан жіберілген Пайғамбарлар болса, тек иләһи, ақиқат түстерді көреді. Жоғарыдағы оқиғада әке мен бала Аллаға бойұсынған күйде бұйырылған істі атқармақ болғандарында, пышақ өтпей: «Я, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың», – деп дауысталады. Сол үшінде Ибн Аббас және өзге де ғұламаларымыз: «Пайғамбарлардың түстері – уахи», – деп айтқан.

Алтыншы, сынақ келгенде сабыр ету

Исмаил Алла әміріне бағынған күйде әкесі Ибраһимге (оған Алланың сәлемі болсын):

سَتَجِدُنِي إِن شَاء اللَّهُ مِنَ الصَّابِرِينَ

 «Алла қаласа мені сабырлылардан табасың», – дейді. Басына түскен сынақты мұсылман адам сабырлықпен қарсы ала білуі керек. Ибраһим пайғамбар үшін де қартайғанда көрген ұлын құрбандыққа шалу, әрине үлкен сынақ еді. Бірақ артынан жеңілдік беріліп, бұның бір ашық сынақ екендігі айтылып:

وَفَدَيْنَاهُ بِذِبْحٍ عَظِيمٍ

«Оны ірі бір  құрбандықпен ауыстырдық», – делінеді.  Әрине сынақтың ең ауырын көретін – пайғамбарлар. Одан соң әркімнің дәрежесіне қарай түрлі себеппен сынақтар берілуі мүмкін. Халық даналығындағы «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, сол сынаққа сабырлық пен тақуалық танытқан пендеге соңынан міндетті түрде жеңілдік берілері сөзсіз. Қасиетті Құранның «Талақ» сүресінің 3-аятында Алла Тағала:

وَمَن يَتَّقِ اللَّهَ يَجْعَل لَّهُ مَخْرَجًا

«Кім тақуалық қылса, оған шығар жол көрсетіледі», – деп айтқан.

          Қадірменді жамағат!

 

Қасиетті Құранда баяндалған құрбандық қиссасынан осындай мол ғибраттар аламыз. Оқиғадан құрбан айт мерекесінің тарихын түсініп қана қоймай, бұл күндер мұсылман адам үшін Алла Тағаланы ұлықтайтын, жақындарымызға мейірімділік пен қамқорлық көрсететін, ұлық мереке екендігін түсінеміз.

Алла Тағала қасиетті құрбан айтты мүбәрак қылып, шалатын құрбандықтарымызды қабыл етіп, халқымызға амандық, елімізге береке бергей!