ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
12/07/2023 59

САУДА ЖАСАҒАН САХАБАЛАР

САУДА ЖАСАҒАН САХАБАЛАРСол бір қым-қуыт күндерде адамзаттың асыл тұлғасы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың жанынан табылған әрі ең алғаш болып Исламды қабылдаған достары сахабалар еді. Алла елшісінің өмірлік серігіне айналған осы тұлғалардың тағылымды жолы барша мұсылманға үлгі-өнеге.

Ислам дәуіріне дейін қажылық маусымында сауда жасау күнә саналды. Кейін Алладан уақи етіліп: «(Қажылық кезінде) Раббыларыңнан бір кеңшілік [несібе] тілеулеріңнің [сауда-саттық қылуларыңның] еш күнәсі жоқ», – деген «Бақара» сүресі түсті. Бұл сүре барша мұсылманға, сахабаларға ерекше серпін берді. Олардың өзінің ризығы үшін сауда жасауына жол ашылды.

Сауда сөзінің тілдік мағынасы – бір нәрсені екінші бір нәрсемен алмастыру. Ал шариғаттағы мағынасы – бағалы мал-мүлікті құнды мал-мүлікке өзара разылықпен ауыстыру дегенді білдіреді. Сауда жасаудағы мақсат алдау-арбау емес, келісім екі тараптың өз қалауларымен, разылықтарымен болуы тиіс. Қасиетті Құранда: «Әй, мүминдер! Малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер, бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа», – дейді. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдау, қиянат қосылмаған сауда ең абзал сауда екенін айтқан болатын. Пайғамбардың өзі де саудамен айналысқан. Бұл жолды сахабалары да жалғаған. Адамдар өзін ішіп-жеммен, киім-кешекпен толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан олар тіршілігіне қажетті нәрселерге қол жеткізу үшін басқалардың саудасына мұқтаж. Сауда сатып алушыға да, сатушыға да пайдалы іс болуы керек. Адал жолмен тапқан малдың да құнары мол, пайдасы шаш-етектен. Өсім араласпаған сауданың адал екені шариғат үкімдерінде де айтылған. Қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өз араларыңда мал-мүліктеріңді жалған жолмен [әділетсіз түрде] жемеңдер, бірақ (пайданы) өзара келісілген сауда жолымен ғана (алыңдар)», – делінеді. Сауда ризалықпен өтуі мүмкін, алайда саудаланған заттың адал жолмен келуі де маңызды. Бұл – Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі жолы. Сахабалар да осы жолды таңдады. Олар да қарапайым адамдармен бірге еңбек етіп, өз нәпақасын тапты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендердің қайсыбіріңнің қолыңа жіп алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатуың, өзгеге қол жайып, қайыр сұраудан әлдеқайда жақсы», – деген.

Сондықтан сахабалар нәпақа табу масқатында белгілі бір іспен шұғылданды. Сахабалардың көпшілігі саудамен айналысты. Әбу Бәкір, Осман (оларға Алла разы болсын), басқа да сахабалар сауда арқылы өздерінің өмірін көркемдеді. Сахабалардың саудамен айналысуы қалыпты тіршіліктің қамы болды. Хадис білгірлері, тарихшылар мен шежірешілер саудамен айналысқан сахабалар жайлы көптеген мәліметтер қалдырған. Әбу Бәкір, Омар, Осман, сондай-ақ Талха, Абдуррахман ибн Ауф, Абдулла ибн Омар, Зейд ибн Арқам, әл-Бара ибн Азиб және Зубайр ибн әл-Әууам (оларға Алла разы болсын) саудамен айналысқаны жайлы мәліметтер бар.

Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) сауда жасау үшін таңмен ілесе базарға баратын. Омар ибн Хаттаб та (оған Алла разы болсын) сауда-саттықпен айналысты. Омардың (оған Алла разы болсын) сауда-саттықпен айналысқаны соншалық, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өткізген жиындарға қатыса алмай, оның жиында не айтқанын басқалардан естуге мәжбүр болды. Алайда ол Алланың елшісінің айтқан сөздерін екі етпей орындады. Ол күнкөріс және адамдарға тәуелді болмау үшін саудамен айналысты.

Осман (оған Алла разы болсын) Ислам діні келмей тұрып та, одан кейін де саудагер болғаны бәрімізге белгілі. Осман халифа болып тұрған кезде жаңбыр жаумай, жер өнім бермей, адамдар аштыққа ұшырай бастайды. Халық Османға келіп көмек сұрайды. Осман (оған Алла разы болсын) оларды сабырға шақырып, Алладан жәрдем болатынын айтып, қайтарып жібереді. Көп ұзамай Мәдинаға май, ас және ұн тиелген мың түйесі бар керуен келеді. Ол керуеннің заттарын түгел сатып алып, мұқтаж мұсылмандарға садақа етіп үлестіреді. Мәдинада өзіне және отбасына қажеттін алмаған бірде-бір кедей қалмайды. Міне, саңлақ сахабалар осындай өнегелі істерімен мұсылмандарға үлгі болған еді. Олар ар тазалығын басты мұрат етті. Мейірім мен ізгілік Алланың нығметі екенін қаперінен шығармады. Олар халифалықтың тізгінін ұстаған кезде де халықтың қазынасына қол сұқпады.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының кезінде сауда мұсылман әлеміндегі сауапты іске айналды. Олар сауданы мол пайда табу үшін емес, Алланың алдында сауап жинау үшін қолға алды. Қазақта «Сауда сақал сипағанша» дейтін даналық бар. Саудадан да алар тағылым мол. Өмір өзгерсе де, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қылау түспеуі керек. Сауданың атын жамылып, адамдарды алдап, арбауға болмайды. Сауда – сауап жинайтын жол. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да сауда жасап, оны жақсылыққа балады. Сахабалар да Пайғамбар жолынан өнеге алды. Олай болса, сол ізгі істерді әрі қарай жалғай түсуіміз қажет.

 

Қуаныш СӘБИТ,

Ақмола облысының бас имамы

«Иман» журналы, №11, 2023 жыл