ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/04/2020 305

Шыны да шын, қалжыңы да шын…

 Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Үш нәрсенің шыны да шын, қалжыңы да шын” деп, соның бірі неке екенін айтқан.

📒 Хадисті ат-Тирмизи, Әбу Дәуіт т.б. келтірген. Оған хадис ғалымдарының көбісі, әсіресе бұрынғылары сахих деп баға берген. Ат-Тирмизи “Білім иелері бұл хадисті амалға асырған” дейді. Ал кейінгілерінің кейбірі, соның ішінде әл-Албани бұл хадисті әлсіз хадистердің қатарына жатқызады.

Мысалы, жігіт пен қыз бір-біріне қалжыңдап “Мен сені алдым. Мен саған тидім” деген сөздерді айтса, неке қиыла ма❓

Бұл хадиске қатысты фиқх ғалымдарының да көзқарастары бір жерден шықпайды. Бір ғалымдар хадисті “некенің қиылуына емес, махрына (қалыңдық сыйлығы) т.б. шарттарына қатысты” десе, екінші ғалымдар “некенің қиылуына қатысты” деген. Онда да (!) неке талаптарының барлығы сақталған жағдайда ғана! Яғни, ол үшін қыздың уәлиінің (әкесі, не қамқоршысы) рұқсаты, куәгерлердің қатысуы керек.

Қысқасы, екінші көзқарас бойынша, бұл хадис кәдімгі неке процесіндегі жағдайда ғана жүзеге асады. Сол кезде, біреуісі ойнап айтса да, некелері қиылады.

Бірінші көзқарас бойынша, неке қиылмайды. Бірақ, мысалы 1 млн тг махр берем деп ойнап айтса, беруге міндетті болады.

Байқағандарыңыздай, хадис ғалымдарының да, фиқх ғалымдарының да бұл хадиске қатысты пікірлері бірдей емес…

📌 Қалай болғанда да, ерігіп жүріп бір-біріне ойнап айта салған сөздермен неке қиылмайды!

@dastan_kurmanbayev