Тәкфиршілердің қағидалары мен идеялары мұсылмандарды күпірлікке шығарған және оларды өлтірген харижиттердің ұстанымдарына сай келеді. Тәкфир ағымының негізгі ұстанымдары мен сенімдері төмендегідей:
- Үлкен күнә істеп, оған тәубе етпеген адам – кәпір.
- Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт – кәпір. Бұларды кәпір демейтін дін ғалымдары да кәпір.
- Тәкфир ағымының пікірін қабыл етпеген немесе қабыл алып, ағымға қосылмаған және сол ағымның имамдарына ермеген әрбір адам – кәпір.
- Жамағатқа кіріп, кейін одан шықса, ол адам діннен қайтқан сатқын ретінде есептеледі. Оны өлтіруге де болады.
- Кімде-кім ғалымдардың сөзін, ижмағты (бірауыздан келісілген мәселе), қияс, маслаха мурсала, истихсан және сол секілді дәлел-құжаттармен (яғни төрт мазһабтың бірі бойынша) мәселе шешсе, ол мүшрік әрі кәпір саналады.
- Һижраттың төртінші ғасырынан кейінгі дәуірдің барлығы күпірлік және жаһилият дәуірі деп санайды[1].
Ақиқатында, мұсылманды күпірлікпен айыптау – үлкен күнә. Әһлі сүннет ғалымдары мұсылманға кәпір үкімін беру дұрыс еместігіне бірауыздан келіскен[2]. Алла Тағала қасиетті Құранда былай деген:
أَفَنَجْعَلُ الْمُسْلِمِينَ كَالْمُجْرِمِينَ مَا لَكُمْ كَيْفَ تَحْكُمُونَ
«Бойұсынушыларды күнәһарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?»[3].
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
من رمى مؤمناً بكفرٍ، فهو كقتله
«Кімде кім мұсылман адамды күпірлікте айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең»[4].
Хузайфа (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін айтады: «Расында, мен сендердің араларыңдағы Құран оқитын, әрі Құранның әдемілігі жүзінен көрініп тұратын және ол исламның әскері болатын адам үшін қорқамын. Кейін ол Құранды қалдырып, одан сырт айналып өз көршісіне қылышын көтеретін болады, әрі оны серік қосушылықта айыптайды». Сонда Хузайфа (Алла оған разы болсын) былай деп сұрады: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Екеуінің қайсысы серік қосушыға жақын, айыптаушы ма, әлде айыпталушы ма?!» Ол былай деп жауап берді: «Жоқ, айыптаушы»[5].
Имам әд-Димяти: «Бұл мәселеде біреуді күпірлікпен айыптауға асығыс шешім шығаратындар одан тыйылсын. Оның өзі күпірлікке түсіп қалу қаупі бар. Өйткені ол мұсылманды кәпірге шығарып жатыр»[6]. Сонымен қатар Ибн Нужәйм, әл-Хаскәфи, Әбу Хамид әл-Ғазали, Ибн Хажар әл-Һәйтәми, әш-Ширбини, әл-Қурафи сынды ғалымдар мұсылманды күпірлікпен айыптауға тыйым салған[7].
Шариғатта бекітілген шарттарды, ережелерді сақтамастан біреуді күпірлікпен айыптауға тыйым салудың себебі, оның салдары бүлікке, қан төгуге және ар-намыс пен мал-мүлікке қол сұғуға алып барады. Өйткені ислам адамның жанын, мал-мүлкін, ар-намысын сақтауға шақырады[8].
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш мәрте былай деп қайталаған:
ألا هلك المتنطعون
«Шектен тыс кінәмшілдік пен қаталдық танытушылар жазым болды»[9].
Тәкфир ағымы діннің ақиқатын білмейді, дәлел-құжаттарды түсінуге зер салмайды, харам үкімінде шектен шығады, діни көзқарастары тұрақсыз, тарихты және әһлі сүннет уал-жамағат ұстанымын түсінгісі келмейді.
Тәкфир ағымы мұсылмандардың арасына іріткі салып, олардың бірлік-ынтымағын кетіреді. Үлкен дау-жанжал шығарады, мемлекеттің саяси-экономикалық бағдарламасының нығайуына бөгет болады. Түрлі лаңкестік әрекетке дайын тұрады, халықтың дінге деген ықыласын төмендету секілді қоғамға өз зияндарын тигізеді.
Тәкфир ағымының сенімі мен іс-әрекеттері әһлі сүннет жолын ұстанушы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының ұстанымына қайшы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын мұндай ағымдар мен топтардан аулақ болуға шақырады.
[1] «Әс-Сахуату әл-исләмия бәйнә әл-жумуди уә әт-тәтарруф», 46-47.
[2] https://aliftaa.jo/Question.aspx?QuestionId=3412
[3] «Қалам» сүресі, 35-36 аяттар.
[4] Әт-Табарани, «Сахиху әл-Жәмиғ», №6269.
[5] Бұхари, №297.
[6] «Иғанату әт-Тәлибин», 4/156.
[7] «Әл-Бәхру әр-райық шәрху Кәнзи әд-дәқайық», 5/125. «Радду әл-мухтар», 4/224. «әд-Дурру әл-мухтар», 4/233. «Әл-Иқтисат фи әл-иғтиқад», 112-113. «Тухфәту әл-мухтаж», 4/84. «әз-Зәхира», 12/37. «Муғни әл-мухтаж», 4/138.
[8] https://aliftaa.jo/Question.aspx?QuestionId=3412
[9] Мүслим, №2670.