ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
10/07/2020 438

ТӨЛЕБИ ОСПАН: КАРАНТИН ИМАМДАРҒА ОНЛАЙН ЖҰМЫС ІСТЕУДІ ҮЙРЕТТІ

ҚМДБ-ның www.muftyat.kz сайты Діни басқарманың 30 жылдығына орай облыстардың бас имамдарынан сұхбат алуды бастады. Бүгін Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспанмен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Төлеби Дәділұлы, әңгімемізді Ақтөбе облысындағы діни ахуалдан бастасақ. Осыдан төрт жыл бұрынғы лаңкестік оқиғалардан кейін өңірде не өзгерді?

– Өткенге шегініс жасайтын болсақ, 2016 жылы Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғадан соң Бас прокуратураның бастамасымен «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асты. Жоба аясында республикалық деңгейдегі әртүрлі сала мамандары оңалту мен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дәстүрлі бағытқа бейімдеу шараларына қатысты ұсыныс-пікірлер мен нұсқаулықтар берді. Осы жағдайдан кейін Діни басқарма Ақтөбе өкілдігінің алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойды. Соның бірі облысқа діни кадр тарту және жергілікті діни кадр даярлау ісі болды. Өйткені сауатты түсіндіру шараларын жүргізу үшін ең әуелі сауатты діни маман қажет. Сол себепті арнайы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына барып, білімді де білікті имамдармен келіссөздер жүргізіп, діни кадр қажет болған Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Темір, Мұғалжар сынды аудандарға имамдарды діни қызметке тарттық. Ол мамандар аудандардағы діни тұрақтылық пен жамағат бірлігі жолында нәтижелі еңбек етті. 

«Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдүлмүтәліп Дәуренбеков пен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев Діни басқарма жанынан құрылған РАНТ-ға мүшелікке қабылданды. Бұл – өз кезегінде Ақтөбе имамдарының біліктілігінің артқандығының бір көрінісі. Сондай-ақ бұл жергілікті үгіт-насихат шараларында белсенділік танытуға жол ашып отыр.

2016 жылға дейін облыстағы 67 мешіттің 25-інің жері мен ғимараты ҚМДБ балансына рәсімделмеген еді. Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 19 мешіттің жері мен ғимараты Діни басқарма балансына өтті. Осыдан бір апта бұрын Ақтөбе қаласынан аймақтағы 68-ші мешіт ашылды. Сондай-ақ қаншама жыл бойы Діни басқарманың филиалы болмай келген «Нұрдәулет» мешіті де ҚМДБ филиалы болып тіркелді. Қазіргі таңда облыста тағы 4 жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Жаңадан салынатын мешіттердің жері бірден мүфтият балансына рәсімделуде. Бұл өз кезегінде жаңа мешіттердің жұмысын бақылау мен тиімді басқаруға мүмкіндік береді. 

ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ МАМАНДАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

 

– Биылғы жазда облыстағы іргелі мешіттерге жоғары білімді имамдар қызметке тағайындалған болатын. Осы орайда мешіттерде мамандар жеткілікті ме деген заңды сұрақ туып отыр.

– Биыл мүфтияттың қолдауымен діни оқу орындарын бітірген 18 түлек облысқа қарасты мешіттерге қызметке орналасты. Бір қуанарлығы – барлығы да Ақтөбенің тумалары. Бұл өз кезегінде діни кадрлардың тұрақты қызмет етуіне мүмкіндік береді. 2016 жылы облыстағы діни мамандардың 40 пайызы ғана жоғары және орта діни білімді болса, биыл олардың 76 пайызы жоғары және орта діни білім иелерімен толықты. Бүгінде облыста 111 діни қызметкер бар.

Дейтұрғанмен ауыл мешіттерінде имамның тұрақтауы қиындау. Оның әртүрлі себебі бар. Жас мамандарды ауылдарға тұрақтандыру үшін имамның атына баспана алып беріп, тұрақты жалақымен қамтамасыз ету үшін жұмыстанудамыз. «Ел үлесі – пәтерге» акциясы бойынша 2 ауыл имамының өз атына баспана берілсе, 2 ауыл имамына қызметтік баспана әперілді.

– Өзіңіз бас имам болған жылдар ішінде Ақтөбе өкілдігі қандай істердің ұйытқысы бола білді? 

– Мешіт қызметінің ең үлкен бағыты – қайырымдылық. Бұл жағынан Ақтөбе өкілдігі жемісті қызмет етуде. Мысалы, облыс аумағындағы мешіттерде 2016 жылы 8 961 332 теңге, 2017 жылы 24 404 877 теңге, 2018 жылы 20 487 000 теңге, 2019 жылы 13 589 260 теңге көлемінде мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетілді. «Ел үлесі – пәтерге» акциясы аясында Ақтөбе облысында 12 мұқтаж отбасыға пәтер кілті табысталды.

«Нұр Ғасыр» мешітінің 10 жылдығына орай «Әдемі әуезді азаншы» атты ІІІ республикалық азаншылар жарысын өткіздік. Бұл жарыс алғаш рет 2009 жылы елордада ұйымдастырылған еді.

2017 жылы тұңғыш рет Мәуліт мерекесін 3000 адамға арналған «Қоныс» спорт кешенінде жоғары деңгейде атап өттік. Сондай-ақ 2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылына орай «150 жылдыққа – 150 сұрақ» атты зияткерлік сайысын ұйымдастырдық. Сайыстың толық нұсқасы жергілікті «Ақтөбе» арнасынан көрсетілді. Шараның мақсаты – мешітте діни білім алып жатқан жастарды жан-жақты етіп тәрбиелеу.

Әрине төрт жылда атқарылған барлық шараларға тоқталу мүмкін емес. Бұл шаралардың барлығы да – Ақтөбе өкілдігі қызметкерлері мен облыс имамдары бірігіп атқарған жұмыстың ортақ жемісі. 

ОНЛАЙН ЖҰМЫС ІСТЕУ БАСТАПҚЫДА ҚИЫН БОЛДЫ

– Пандемия, карантин өкілдік жұмысына кері әсерін тигізген жоқ па? Діни мерекелер, игі шаралар қалай өтіп жатыр?

– Мешіт қызметі имамның тек бес уақыт намаз жүргізуінен тұрмайды. Неке қию, Құран оқу, діни сұрақтарға жауап беру және мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету секілді істерді де қамтиды. Рамазан айын жабық есік жағдайында өткіздік. Мүфти Хазіретіміз айтпақшы, «мешіттер есігі жабылғанмен, сауаптар есігі жабылған жоқ».

Карантин кезінде Ақтөбе мешіттерінде 3 321 отбасыға 51 тонна 652 келі азық-түлік таратылды. Оған 20 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Құрбан айтта Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен тұңғыш рет қашықтан құрбан шалу шарасы ұйымдастырылып, 2 278 адамға 11 тонна 397 келі ет таратылды. 4 тоннадан астам киім-кешек үлестіріліп, 129 отбасыға 5 650 000 теңге қаржылай көмек берілді. 273 оқушыға 2 409 150 теңгеге мектеп құралдары әперілді.

Осы ігі істердің барлығы да жақсылықтан үміті бар жерлестеріміздің демеушілігі арқылы жүзеге асты. Алла разы болсын! Тарауық намазы, жұма және айт намаздарын жамағатпен оқи алмау көпшілікпен бірге имамдар үшін де ауыр болды. Бірақ бұл адамзаттың амандығы үшін болып жатқан сақтық шаралары екені белгілі. Бұл уақытша кезең деп білеміз. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ведомствааралық комиссияға ұсыныс беріп, нәтижесінде мешіттер ашылып, жеке құлшылық жасау, Құран оқыту, неке қию рәсімдері атқарылып жатыр. Бұл жамағаттың көңіліне демеу болып отыр. Ендігі тілегіміз – жамағатпен жұма намазын оқысақ екен. Әрине Алланың қалауымен елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталса, ол күн де алыс емес деп үміт етеміз.   

– Мешіттердің жабылуы ең алдымен имамдарға ауыр тигені белгілі. Халықты сабырға шақыруда түсіндіру жұмыстарын қалай жүргіздіңіздер?

– Әдетте мешіт мінберінде уағыз айтып, жамағатпен жүзбе-жүз сұхбаттасатын едік. Сауалдарына жауап беретінбіз. Алайда карантин режимі имамдарға да онлайн форматта жұмыс істеуді үйретті. Бастапқыда қиындау болғанмен, Діни басқарманың дер кезінде беріп отырған бағыт-бағдары өңірдегі имамдарға үлкен қолдау болды.

Індет келмей тұрып жыл басында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің бастамасымен әр өңірде Телеграммнан арнайы сұрақ-жауап парақшасы ашылған еді. Бұл карантин кезінде онлайн жұмысты нәтижелі жүргізуге жол ашты. Мысалы, «Нұр Ғасыр» мешітінің Телеграмдағы «Сұрақ-жауап алаңы» парақшасында қаңтар айынан бері 1000-нан астам сұраққа жауап берілді. «Нұр Ғасыр» мешітінің Инстаграм парақшасында 194 рет онлайн дәріс жүргізілді. Онлайн дәрістер әлі де жалғасуда.  

NURGASYR.KZ САЙТЫ ЖАҢА ҮЛГІДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 

– Өкілдік сайтының жаңарғанын байқадық. Құтты болсын!

– Иә, көп рақмет! Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі пандемияға байланысты онлайн форматтағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Осыған орай облыстық орталық мешіттің nurgasyr.kz сайтын жаңа дизайн үлгісінде іске қостық. 

Бұдан былай оқырмандар nurgasyr.kz сайтынан ерекше мағлұматтар мен пайдалы әрі қызықты айдарларды көре алады. Облыстағы мешіттермен танысып, ондағы діни қызметкерлер туралы ақпарат алып, тікелей байланысу үшін «Ақтөбе мешіттері» атты айдарға кірсеңіз болады.

Құранды толық жаттаған елімізге белгілі қарилар туралы мағлұматпен «Қазақстан қарилары» айдарынан танысуға болады. Ал еліміздің көрнекті діни оқу орындарының бірі жайлы ақпарат іздеген жандар үшін «Ақтөбе» медресе-колледжі бөлімі арнайы ашылды.

Сондай-ақ сайтта аудио-видео уағыздар топтамасы да бар. Намаз уақыттары, кітапхана бөлімі де қарастырылған. Одан бөлек Ақтөбе облысындағы ҚМДБ Халал сертификатын алған мекемелер мен асханалардың тізімін де осы сайттан табуға болады.

– Сұхбатымызды медресе жұмысына бұрсақ. Ақтөбе медресе-колледжінің жай-күйі қалай?

– Ақтөбе медресе-колледжі Алға ауданының Бестамақ ауылында орналасқан. 2009 жылы ашылған медреседен бүгінге дейін 159 шәкірт түлеп ұшты. Оның 78-і Ақтөбе облысынан болса, 81-і – өзге облыстардан. Қазіргі таңда 78 түлектің 56-сы Ақтөбе облысындағы мешіттерде имам және әкімдікте теолог болып қызмет етуде. Медресенің 28 түлегі білімін діни оқу орындарында жалғастыруда. Ақтөбе имамдарының 40 пайызы – Ақтөбе медресе колледжінің түлектері. Медреседе-колледжде орта оқу орнының талаптарына қажетті барлық жағдай жасалған. Заманауи спорт кешені, үш қабатты оқу корпусы, 2 қабатты жатақхана, 250 адамдық асхана және жазғы футбол алаңы салынды. Бұдан өзге медресені ұстап тұру үшін қосымша егін егу және мал шаруашылығы да жолға қойылған. Биыл 20 соток жерге жылыжай (теплица) салынды. Сондай-ақ 12 га жерге көкөніс егіп сатып отыр. Бұның барлығы да – медресе шәкірттерінің қамы. Бұлар медресе директоры мен ұжымының ықыласты әрекеті және демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.   

– ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай «30 игі шара» жоспары қалай жүзеге асып жатыр?

– Ақтөбе облысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орайластырылған бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Нақтырақ айтқанда, 2 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 80 метрді құрайтын 2 көпір салынып, 1 құдық қазылып пайдалануға берілді. Екі мұсылмандар зираты қоршалды. Арнайы «Қайырымдылық керуені» атты облыстық деңгейде ауқымды акция өтіп, 586 адамға 6 тонна 949 келі азық-түлік таратылды. Бірер апта бұрын Бас мүфтидің бастамасымен республика бойынша 30 мың тал отырғызу акциясы өтсе, өңіріміздегі мешіттердің ұжымы жамағаттың қолдауымен мешіт аулалары мен көшелерге 862 түп әртүрлі тал отырғызды. Нақтырақ айтқанда, шара барысында 20 түп қайың, 335 түп терек, 79 түп шырша, 37 түп қаратал, 69 түп көшет, 50 түп тал және 272 түп жеміс ағашы егіліп, арнайы тақтайша орнатылды. Мерейтой құрметіне арналған іс-шаралар жыл соңына дейін әлі де жалғасын таппақ. 

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Алла Тағала істеріңізге береке берсін! 

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ