Жеке архивімде көптен сақталып келе жатқан осы бір сырлы ижазаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Бұл ғұлама Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің (1896-1977) ұлы Насрулла ат-Таразиге (1922-2002) берген ижазасы.
«Ижаза» сөзі араб тілінен аударғанда рұқсат, келісім, куәлік, диплом деген мағынаны білдіреді. Ұғымның терминдік мағынасы келсек, Пайғамбардан не туынды авторынан тікелей иснад тізбегімен өзіне жеткен құқықты екінші адамға мәтінді оқытып, жаттатып әбден меңгергеннен кейін беруі. Ислам дінінде осылайша буыннан-буынға тізбек жібі үзілмей ұласқан ілімнің дәстүрі әлі де сақталуда. Мәселен, Алладан Пайғамбарға түскен қасиетті Құран оқудың мақамдары ғасырдан-ғасырға бірден-бірге жалғап келе жатқан хафиз-қарилар жанында жат-жастана жадына тоқып, ижазасын иелену ерекше бағаланып, ардақталады.
Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің ұлы Насрулла ат-Таразиге берген «Қасида Бурда» ижазасының қазақша аудармасы мынадай:
«Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Мақтау-мадақ бізді ең қайырлы үммет еткен, мол нығметке бөлеген, қияметтегі ең ұлы шапағатшы, елші әрі мырзамыз Мұхаммедті (Алланың оған және отбасына, серіктеріне игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көруді жазған Аллаға лайық.
Менің ұлым, көзімнің қарашығы, жүрегімнің бір бөлшегі, қоныс аударғанда және қайғыдағы кішкентай серігім Насрулла мырзаға (Алла оны жамандықтан сақтасын) маған һижра бойынша 696 жылы дүниеден өткен хазіреті имам, шейх Шараф ад-дин Әбу Әбдуллаһ Мұхаммед ибн Сайд әл-Бусиридің (Алла оны мейіріміне алсын, бізге ілімінен пайда берсін) «әл-Бурда» қасидасын оқып шықты. Шариғи мақсаттарына қызмет етеді, көпшілікке пайдасын тигізеді деген ізгі үмітпен, игілігіне қолдану үшін ижаза бердім.
Ол ижаза кезінде мен ескерткен шарттар мен әдептерді сақтауы міндетті, сонымен қатар қасиданы жеке бастың мүддесіне қарай қолданудан (шариғи емес) сақтандырамын. Нәпсіге бой алдырмауды, тақуалық жолды берік ұстануды өсиет етемін. «Кімде-кім Раббысының алдына тұрудан қорқып, нәпсісі қалаған нәрседен тежеп отырса, оның баратын жері – жұмақ».
Мен бұл қасиданы бірінші – үлкен шейх, үлкен мүршид, сайд Мұхаммед Ғази-ханның ұлы, әкем, әрі ұстазым, әрі мүршидім, шейх, сайд Мұхаммед-ханнан, екінші – үлкен ұстазым, мүршидім, заманының аса көрнекті адамы, шейх, сайд Бузурқ-хан аш-Шашидың ұлы, сайд Мұхаммед Акрам-ханнан, үшінші – шейхым, мүршидім, саид Хаққи Шан аталған сайд Абдулһади-ханнан [ханафилер, нақшабандилер] риуаят етемін, олар тізбек арқылы аты аталған автордан риуаят еткен. Алла бәрін мейіріміне алсын, бізге ілімдерімен пайда берсін. Әмин!
Соңында Ұлы Алла Тағаладан жалбарынып сұрайтыным: «Уа, Раббым, Маған һәм ата-анама нәсіп еткен қисапсыз нығметтеріңе шүкірлік етуді және өзіңді разы ететін игі істерді көңіліме ұялат! Сондай-ақ маған ізгі ұрпақ нәсіп ет! Расында, мен тәубе етіп, бір Өзіңе бет бұрдым, мен өзіңе қалтқысыз мойынсұнғандардың бірімін.
Бұл 1366 жылы жумада ал-ухра айының 9-ында Кабулдегі түрмеде жазылды.Құдіретті Раббысының мейіріміне мұқтаж пақыр пенде сайд Мүбашшир ат-Тарази».
Ижаза соңында Кабулдің түрмесінде 1366 жылдың жұмасында ал-ухра айының 9-ы күні жазылғаны көрсетілген, бұл біздің жыл санауымызбен 1947 жылға сәйкес келеді. Осы мезгілде қайраткер ұлы Насрулла, басқа серік-үзеңгілестерімен бірге Кеңестер Одағына қарсы қарулы операция ұйымдастырмақ болғаны үшін тұтқындалып, Ауғанстан астанасындағы Демазанғ түрмесінде отырған.
«Бурда» – Алжирде туғанмен Мысырда ғұмыр кешкен атақты сопы ақын Әбу Әбдуллаһ Мұхаммед ибн Саид ал-Бусиридің (1211-1294) шығармасы. Ақын күтпеген жерден денесінің бір жағы қозғалмайтын сал болып қалғанда Жаратушыдан дертіне шипа беруін тілеп, жалбарынады. Түсінде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар кіріп, денесінің жансыз бөлігін қозғап, шапанына орайды. Ұйқыдан оянғанда жансыз денесі жазылып, сауыққандай күй кешеді. Осындай таңғажайып оқиғаға байланысты дүниеге келген қасида қасиетті, ерекше тылсым күшке ие деген иланыммен кең таралған.
Жоғарғы мәтінде иснадтың үш тізбегі – біріншіcі әкесінен, екіншісі қос ұстаздарынан сабақтасып келгені тайға таңба басқандай жазылған. Бірі әкесі – үлкен шейх, үлкен мүршид, Мұхаммед Ғази-ханның ұлы шейх, Мұхаммед-хан мырзадан келсе, екі тізбек қос ұстазынан – үлкен ұстазы, мүршиді, мырза Мұхаммед Акрам-хан ибн шейх, мырза Бузурук-хан аш-Шаши, үшінші шейхы, мүршиді Хаққи Шан аталған мырза Абдулһади-ханнан жалғасқан. Бірақ көп орын алатындықтан, осы үш тізбектегі алдыңғы адамдардың аты-жөндері келтірілмеген. Мүбашширдің әкесі де, атасы да Нақышбандия тариқатын ұстаған сопылар, ишандар болған. Оларды «шейх», «мүршидім» деуі де содан. Бұл – сопылық түсінікте рухани-діни жетекші, бастаушы, жол көрсетуші. Демек Мүбашшир де сопылық жолды ұстаған әкесі мен ұстаздарының тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген. Құжатта көрсетілгендей, қос ұстазы да Ханафи мазхабы, нақышбандия тариқатын ұстаған кісілер. Алайда ұстаздарының аты аталғанымен кім екенін анықтай түсу қосымша мәліметтерді қажет етеді.
«Аш-Шаши» лақабы ташкенттік екенін көрсетеді. Ал «Бузурук-хан» лақабын иеленеген діндар қожалар тек Ташкент маңында ғана емес, Оңтүстік Қазақстанда да ғұмыр кешкенін 1930 жылдардағы респрессия, тергеу құжаттары айғақтайды. Мүбашширдің шешесі – Шығыс Түркістандағы Ислам мемлекетін басқарған Бузурук-ханның ұрпақтары. Ижазада келтірілген есімдер мен Мүбашширдің өз есімі алдындағы «сайд» лақабы олардың Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың ұлы Хусейннен тарайтын әулеттен екенін көрсетеді.
Бұл ижаза Мысыр жерінде ХІІІ ғасырда дүниеге келген мәшһүр қасиданың ХХ ғасырда Орта Азиядағы Ташкент пен қазақ жеріндегі Әулиеата сынды шаһарлардағы сопыларының арасында үзілмей таралғанынан хабардар ететін қызықты дерек, Кеңес үкіметі мансұқтаған Оңтүстік өңірдегі діни, сопылық, ишандық дәстүрдің ұмытылған қырларын зерделеуде пайдасы тиер маңызды дәйек болмақ. «Менің ұлым, көзімнің қарашығы, жүрегімнің бір бөлшегі, қоныс аударғанда және қайғыдағы кішкентай серігім» деп көрсеткен Насрулла – шет ел асқанда өзімен бірге алып кеткен, кейін Кеңестер Одағына қарсы әскери қимылға әзірленгенде жанында бірге жүрген, сол үшін түрмеге әкесімен бірге қамалған тұла бойы тұңғышы.
Қасида Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға арналған, 10 бөлімнен тұрады, 160 өлең жолымен өрілген. Жыр – мұсылман арасында өте танымал, әсіресе сопылар қадірленетін, салауат пен зікірлерінде үнемі қайталап айтатын туынды. Бұл шығарманың қасиеттік, дұғалық күшіне деген сенім орныққан. Шығарманы тәпсірлеп түсіндірген шархтар саны да біршама. Қасида жолдарын мешітке нақыштап жазу мысалдары да аз болмаған, тіпті ұзақ уақытқа дейін Мәдинадағы Пайғамбар мешітінің қабырғасына өрнектеле түсірген өлең жолдары саудиттер әулеті билікке келгенге дейін тұрған. Сүнниттер мәуліт, марқұмды жерлеу секілді рәсімдерде, айрықша кездерде оқыған. Бұл қастерлі қасиданы қайталап оқу адамды қиындықтан, бақытсыздықтан құтқаруға, құт-береке қондырып, байлық-дәулетін молайтуға, ұлды болуға, қуаңшылықтан құтылуға көмектеседі деп иланған…
«Қасида Бурданы» неғұрлым көп оқыса, түрмеден босауға жәрдемдеседі деген сенім де таралған. Сол себепті қамаудағы әкелі-балалы діндарлар бұл шығарманың құдіреті қиындықтан Жаратушының жебеуімен аман шығып, жиһад күресінде сәттіздіктерге ұшырап қысылғанына қарамастан, түбі жеңіп шығуға деген септеседі деп үміттенген. Тағы бір себебі абақтың тас қабырғасына телміріп бос отырған мезетте Нақышбандия мектеп жолын ұстаған әкесі, қос ұстазы арқылы келген қымбат аманатты ізбасар ұрпағының құлағына құйып тапсыруды көздесе керек. Әрі ұлына арнап шариғат тараптарын қатаң сақтауға, тақуалықтан таймауға әрі берілген ілімді дұрыс дін жолына пайдалану туралы өсиет-насихатын шегелеп хаттаған. Сондай-ақ тар қапаста ұлын психологиялық тұрғыдан дәрменсіздігіне налып, шер-қайғыға торығып мүжіле түспей, керісінше сопылардың илләһи жырымен рухтандырып, жан дүниесін тәрбиелеуді көздегені хақ.
Насрулла 1994 жылдың 26 шілдесінде «әл-Мәдина әл-Исламия» газеті тілшісімен сұхбатында: «Ауғанстан түрмесінде 5 жыл отырдым, Құранды түгел жаттап алдым… Кабулда Француз лицейінде бағыт алғанша оқыдым, содан соң факультетте (университетте) ілімдерді оқып, химияға мамандандым, мұндағы дәрістер де французша жүрді… Қамаудағы 5 жыл 30 күн мерзім әкемнің тіке өзі мені араб және исламтанушылық ілімдерді меңгертуіне толық мүмкіндік тудырды, осы 5 жыл ішінде араб тілі мен әдебиетін, түрік тілі мен әдебиетін ерекше әдістемесімен үйретті. Бір таңғаларлығы – грамматика мен морфологияны оқытпады, бірақ кітабын қолында ұстап отырса да маған көрсетпейтін, алайда ол Әбу Ханифаның «әл-Фиқһ ул-Акбар» кітабымен үйретті, араб грамматикасын талдау тәсілімен игертті» деген.
Демек әкесі қамаудағы күндерінде уақытты зая жібермей, ұлын араб тілі мен Ислам негіздерін Орта Азияда қалыптасқан дәстүрлі әдіс-тәсіл, кітаптар негізінде оқытып, білімін шыңдаған. Абақтыдан бостандыққа шыға қалғанда да Кеңестер Одағының әрі қарай Ауғанстанда тұруға тыныштық бермейтінін бағамдап, сол себепті ұлын алдағы араб елдеріне һижратын жалғастырып көшкен жағдайда тілдік-ислами жағынан қиналмауға тиянақты әзірлеуді қолға алған.
Түрмедегі әр күнін санап отырған әкелі-балалы екеуі 5 жыл, 1 ай, 3 күннен соң бостандыққа шыққан. Түрмеде жазылған «Бурда» қасидасының қолжазбасының кітапшасы мен аталмыш ижазаны Насрулланың бойтұмардай сақтағаны байқалады. Қасида жазылған дәптер – 21 бет. Бірінші бетінде «Имам әл-Бусиридің (Алланың рахымына бөлесін) «әл-Бурда» қасидасы. Коммунист орыстардың Ауған үкіметіне нотасынан кейін амалсыз бұйрықпен қамалып 1943 жылдың сәуірі мен 1948 жылдың жазына дейін (Ауғанстан) Кабулда түрмеде (отырған) саяси тұтқындар (қатарында) өз қолыммен, хазірет әкемнің үйретуімен жазылды» делінген. Әрбір бетке Насрулланың мөрі қойылған.
Насрулла кейін бұл қолжазбаны Ауғанстаннан Пәкістанға, одан Мысырға қоныс аударғанда да тастамай алып кеткен. Сөйтіп Ніл жағасында дүниеге келген туынды VII ғасырда тізбекті риуаятпен жалғасып Ташкент, Әулиеата, Кабул, Пишапур қалаларын шарлап, Каирге қайта оралған. Насрулланың жеке мұрағатын саралағанымызда аталмыш ижазаны өмірінің соңына дейін ең қажет деп санаған бағалы құжаттарының, докторлық, профессорлық дипломдарымен бірге жоғалтпай қадірлеп ұстағанына көзіміз жетті. Қарт ғалым бақилық болғанда құнды мирас жеке архив құжаттары арасында қарашаңырақтағы үлкен ұлы Мүбарактың қолында тұрған. Оның Каирдегі пәтерінде болғанымда кейбір құжаттарды көшірмелерімен бірге маған берген. «Мұнара» газетінде жарияланған әкелі-балалы Таразилерге қатысты мақалаларымды жазу барысында («Азаттық үшін күрескен Мүбашшир ат-Тарази», №5, 2021 жыл; «Жырақта ғұмыр кешкен Насрулла ат-Тарази» №1-2, 2020 жыл) туындаған кейбір сұрақтарды анықтау мақсатында Каирдегі Мүбаракқа бірнеше мәрте телефон соққаныммен жауап қатпады. Кейін Мысыр астанасындағы таныстарымнан оның келмес сапарға аттанғанын естідім. Марқұм Мүбарак – атақты дін ғұламасы Әбу Насырдың Мүбашшир ат-Таразидің немересі, профессор Насрулла ат-Таразидің үлкен ұлы, Бұхара хандығының соңғы әмірі Әлімханның жиені еді.
Ол күрескер атасы мен әкесінің жеке архивін туған жеріне жеткізіп, сенімді қолға көзі тірісінде аманаттап-табыстауды перзенттік борыш санайтын сырын айтқан-ды. Осы арманын орындап, бабаларының кіндік қаны тамған атамекеніне екі қайтара табаны тигенде Мүбарак алдымен архивке кіріп, аманаттың сенімді қолда екенін білді. Мақаламызда сөз болған жәдігер ижаза мен қасида көшірілген дәптер-кітапшаның түпнұсқасы бүгінде Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағаттың қорында сақтаулы тұр.
Шамшәдин КЕРІМ,
профессор,
Нұр-Мүбарак университеті
Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу
орталығының директоры
«Мұнара» газеті, №24, 2021 жыл