ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
09/25/2024 2176

ТЕҢДЕССІЗ ТҰЛҒА

ТЕҢДЕССІЗ ТҰЛҒААрдақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен тұлғасының кемелдігін сөзбен көркемдеп жеткізу мүмкін емес. Оның адам жүрегін жаулап алар жоғары адамгершілік қасиетінің шыңы сондай, маңайындағы адамдар Алла елшісін қорғауда шыбын жанын қиып, шынайы достықтың керемет үлгісін көрсетті. Жер бетінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді мұндай құрметке ие болған жан баласы жоқ.

Хақ елшімен қарым-қатынаста болған адамдар оны жақсы көріп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) табанына кірген тікен өздерінің маңдайына қадалуын қалайтын. Мұндай сипатқа ешбір адам ие болған емес. Өйткені оның жүректерге жеткізе сөйлейтін сөзі мен ізгілікке бастайтын ісі кез келген пенденің жан-дүниесін тебірентпей қоймайтын.

Ол шешендігімен ерекшеленіп, өзгелерге қарағанда артық қасиетке, қабілетке ие болды. Анық сөйлеп, дөп айтып, шындықты ғана жеткізіп, шешен сөздерімен жүректерге әсер ететін. Біз көп жағдайда шешендік өнерді ағын судай толассыз сөз тізгінін ағытатын адамның ділмәрлығымен өлшеп жатамыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен тіл табысқанда қиын тіркес іздеп қиналмайтын. Көбіне ұғынуға жеңіл, қабылдауға оңай сөздерді қолданатын. Ол аз сөзбен көп мағынаны қамту қабілеті дарыған теңдессіз жан еді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір мен құлшылықтың мәнін ұқтыратын, адамдармен қарым-қатынасты реттейтін, күмәнді нәрседен аулақ болуды үйрететін төрт хадисті айтып кеткен. Хадис саласының мәшһүр ғалымы Әбу Дәуіт (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Барлық хадистер ішінен ақылды адам үшін мына төрт хадис жеткілікті: «Барлық амал ниетке байланысты бағаланады»; «Адамның өзіне қатысы жоқ пайдасыз істерді тәрк етуі – оның көркем мұсылманшылығының белгісі»; «Кімде-кім өзіне қалағанды мұсылман бауырына да қаламайынша, толық иман еткен болмайды»; «Халал – айқын, харам – айқын. Бірақ бұлардың арасында сақтануы керек көп адам біле бермейтін күмәнді мәселелер бар».

Ислам ғұламалары осы төрт хадиске қатысты мынадай пікір білдірген екен: «Құлшылық-ғибадатты дұрыс орындау үшін бірінші хадис жеткілікті. Баға жетпес өмірді бос істерге зая етуден сақтану үшін екінші хадис жеткілікті. Туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, айналадағы адамдардың ақысын арқаламау үшін үшінші хадис жеткілікті. Күдік пен күмәннан құтылуға төртінші хадис жеткілікті».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан көркем мінез-құлық сұрап: «Уа, Алла! Мені ең жақсы амалдарға және ең жақсы мінез-құлыққа баста. Олардың жақсыларына Сен ғана бастайсың. Сондай-ақ мені жаман амалдар мен жаман мінез-құлықтан сақта! Олардың жамандарынан Сен ғана сақтайсың, Уа, Алла! Жаратылысымды көркем еткеніңдей мінез-құлқымды да көркем ет!» – деп жиі дұға ететін. Ол Құранда құпталған істерге разы болып, теріске шығарылған істер үшін қамығатын. Осылайша Алла Тағаланың бұйрықтарына бағыну оның мінез-құлқына, табиғи болмысына айналды.

Оның бойындағы ұстамдылық пен төзімділік, сабырлық пен даналық сынды қасиеттер Алла Тағала сіңірген көркем сипаттар еді. Адамдардың дөрекі сөздері мен істері Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабырлығын, шектен шыққан әрекеттері ұстамдылығын арттыра түсетін. Ол сахабаларын әрдайым сабырлыққа шақырып: «Адамдармен араласып, олардың қылықтарына төзген мүмин адамдармен араласып, олардың қылықтарына төзбеген мүминнен жақсы», – деген өсиетін жиі айтатын.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға үлес беріп жатқанда бір мәдиналық кісі «Мына үлеспен Алланың дидары көзделген жоқ» деген сөзді таратады. Яғни ол үлес әділ бөлінбегенін айтып, наразылығын білдіреді. Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) бұл сөзді Алла елшісіне жеткізеді. Сол кезде оның реңі бұзылып: «Алла Мұсаға рақым етсін! Оны бұдан да көп ренжіткен кезде сабыр еткен», – дейді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жомарттығына жан баласы жете алмайтын. Дүниелік нәрселерді сұрап келген адамдарға кедейліктен еш қорықпай, сұрағанын ойланбастан бере салатын. Сый-сияпатын беріп, бетін қайтармайтын. Өткені оның жаны да, қолы да жомарт еді. Әнас ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі таудың арасындағы қойды (яғни екі таудың арасын толтыратындай көп қойды) сұрағанда Алла елшісі әлгі кісінің сұраған малын береді. Кейін ол тайпасына келіп: «Уа, тайпаластарым! Исламды қабылдаңдар! Алламен ант етейін, ақиқатында Мұхаммед кедейліктен қорықпастан сұраған нәрсені бере салады екен», – дейді. Әнас ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) осы хадисті айтқан соң былай деген: «Егер бір адам Исламды дүниені ғана қалап қабылдаса, дінге кірген кезінде Ислам ол үшін дүние мен ондағылардан сүйіктірек болып кететін».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте батыл кісі болды. Ол Алладан басқа ешкімнен қорықпайтын. Қандай жағдайға тап болса да, оны ержүрек қасиетімен қаймықпай қарсы алатын. Асылында жорықта алғы шепте жүріп, жауға бірінші болып тойтарыс беру – көшбасшыға тән қасиеттің бірі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соғысқа тікелей араласқан. Ешқашан шайқастан тайқып қашқан емес. Бұған әйгілі сахаба Әлидің (оған Алла разы болсын) мына сөзі дәлел: «Біз соғыс қызған кезде Алла елшісіне арқа сүйейтінбіз, ал ол ең алғашқы шепте жүретін». Ал Бара есімді сахаба: «Алла атымен ант етейін, соғыс қызған шақта біз оны пана тұтатынбыз, арамыздағы қас батырдың өзі оған жақын жерде жүретін», – деген.

Хунайн шайқасында мұсылмандар әскері түгелдей соғыс майданынан артқа шегінген сәтте де ержүрек Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) майдан алаңын бір сәтке де тастап кеткен жоқ. Осы кезде Алла елшісінің жанында бар-жоғы алты адам қалған еді. Осындай сын сағаттарда Алла Тағала тарапынан мынадай аят түседі: «(Мұхаммед!) Алланың жолында соғыс. Саған өзіңнен басқа үшін жүк артылмайды. Әрі мүминдерді ынталандыр. Алла кәпірлердің соққысын, әлбетте қайтарады. Алла соққы берген кезде өте күшті әрі жазалағанда да өте күшті» («Ниса» сүресі, 84-аят). Бұл уахи Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше күш берді. Бір кісі сахаба Барадан (оған Алла разы болсын): «Сендер Хунайн  шайқасында қаштыңдар ма?» – деп сұрайды. Сонда әлгі сахаба: «Мен куәмін, Пайғамбар қашқан жоқ», – деп жауап береді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаратушы Иеміздің қасиетті Құрандағы: «Алла әділдікке, жақсылыққа бұйырады» («Нахл» сүресі, 90-аят); «(Оларға): «Мен сендердің араларыңа әділдік етуге бұйырылдым» деп айт» («Шура» сүресі, 15-аят) деген әмірлеріне бойсұнған күйде адамдардың ішінде ең әділ жан болды. Оған мына оқиға дәлел. Бірде бәну махзум руынан шыққан бір әйел ұрлық істеп ұсталады. Шариғат бойынша ұрлық жасаған адамның қолы кесілу керек. Осы
кезде құрайыш руының өкілдері әлгі әйелге қатты жаны ашиды. Ақылдаса келе араша түсер адам іздей бастайды. Пайғамбарға айтуға басқаның батылы жете қоймас деген шешіммен оның жақсы көретін адамы Усама ибн Зәйдке (оған Алла разы болсын) өтініш жасайды. Сөйтіп оны Алла елшісінің алдына жібереді.

Әйелге араша сұрап келген Усамаға (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алланың үкімдерінің біріне ара түскің келе ме?». Осыдан кейін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) халық алдына шығып: «Сендерден бұрынғыларды құртқан жағдай: олар егер беделді адам ұрлық істесе, оны жайына қалдырып, әлсіз адам ұрлық істесе, оған үкім қолданатын. Алла атымен ант етемін! Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық істесе де, қолын кесер едім», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте ұялшақ, ар мен ұятты бәрінен жоғары қойған жан еді. Ол ешкімнің жүзіне тіке қарамайтын. Жанарын төмен түсіріп, көзі мен өзін қиянаттан сақтайтын. Әбу Сағид әл-Худри (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар шымылдық ішіндегі қыздан да қатты ұялшақ еді. Егер бір нәрсені жақтырмаса, оның жүзінен білінетін», – деген. Біз кейде білместікпен, әр нәрсенің байыбына бармастан жан-жағымыздағы адамдарға өздері ұнатпайтын нәрселерді айта саламыз. Ал Алла елшісі ұялшақтығы себепті ешкімге өзіне ұнамайтын нәрсені ашып айта салмайтын. Біреу туралы өзіне ұнамаған нәрсе жайлы естісе, оның атын атамай: «Былай жасап жүрген адамдарға не болған?!» –деп ар мен ұятты үнемі жоғары ұстанатын.

Алла Тағала баршамызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тақуалығы мен ержүрек батырлығын, шыншылдығы мен кішіпейіл мінезін, әділдігі мен сабырлығын, жомарттығы мен шешендігін, биязылығы мен байсалдылығын, кешірімділігі мен мейірімділігін нәсіп еткей! Аллаға лайықты құл, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуды жазғай! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №9, 2024 жыл