ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/09/2023 13

«ВАЛЕНТИН КҮНІ» БОЛМЫСЫМЫЗҒА ТӘН ЕМЕС

«ВАЛЕНТИН КҮНІ» БОЛМЫСЫМЫЗҒА ТӘН ЕМЕС

Ислам діні – қазақ халқының дүниетанымы, руханияты мен мәдениетінің өзегі. Алайда, қазіргі жаһандану үрдісінің нәтижесінде ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізге жат, болашағымызды рухани тұрғыдан азғындыққа, арсыздық пен абыройсыздыққа жетелейтін түрлі әдеттер кең тарап, бойға сіңіп бара жатқаны сүйекке таңба салып, жүрекке сызат түсіруде.

Осындай мәнсіз әрі мағынасыз, астарында ұлт болашағына үлкен қатер төндіретін жоралғылардың бірі – 14 ақпанда жастардың дені қуана күтетін, халық арасында кең таралған «Валентин күні» деп аталатын мейрам. Аталмыш мерекені кейбіреулері көпшіліктен естігені бойынша «ғашықтар күні» ретінде тойласа, енді біреулері тіпті анық-қанығын білмесе де атап өтуге тырысады.

Шын мәнінде, «Валентин күнін» мереке ретінде тойлау біздің дінімізге де, салт-санамызға да үш қайнаса сорпасы қосылмайтын  әдеттердің бірі. Бұл күн мәңгілік махаббатқа емес, бір күндік рақатқа, бейбастыққа, ұятсыздыққа, арсыздыққа жетелейді. Өкінішке орай, бұл қасіретті үрдіс өзге елдің таңсығына көзсіз еліктегіш жас ұрпақтың санасына сыналай сіңіп, үйреншікті әдетке айналуда.

Құдайға шүкір, «біз – дініміз – Ислам, тегіміз – түркі», тарихта өзіндік орны бар ұлы дала перзенттеріміз. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) мықтап жармасыңдар әрі өзара бөлінбеңдер»[1], – деген. Бұл аятта адам суға батып кетпес үшін жіпке қалай жармасу керек болса, адамның жаны мен тәнін сақтау жолындағы ең негізгі күш саналатын дінге солай жармасу керектігі айтылған. Дана халқымыз ұлттық тәлім тәрбиеміздің негізгі тіреуі болған асыл дініміздің құндылықтарын бойына сіңіре отырып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, бізге жеткізді.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, мұсылман ғалымдары әдет ғұрыптарды дұрыс және бұрыс ғұрып деп екіге бөледі. Шариғаттың үкіміне қайшы келмейтін ғұрып «дұрыс ғұрып» десе, адалды арам, арамды адалға шығаратын, шариғаттың ережелеріне қайшы келген ғұрыптарды «бұрыс» ғұрып деп санап, оған тыйым салған.

«Валентин күні» – «оны тойлағанда не тұр?» деп ат үсті қарай салатын мереке емес. Бұл мерекенің астарында адам мен қоғамды аздыруға, рухани және ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған жүйелі әрекет жатқаны әмбеге аян. Өз кезегінде бұл «мереке» адам үшін қастерлі достық, махаббат деген ұғымдарға жеңіл-желпі қарауға, отбасылық қүндылықтардың аяқасты етіліп, болашақ ұрпақтың азғындауына жол ашатын  зауал. Қазіргі таңда әлемдік дертке айналған СПИД, нашақорлық, жезөкшелік секілді жаман әдеттер қоғамымызда белең алып, ойнастықтан бала көтеріп, пәк сәбилерді қоқыс жәшіктеріне тастап кету көбейіп бара жатыр. Алла Тағала: «Және зинақорлыққа мүлде жақындамаңдар, ол – азғындық әрі ең сорақы жол»,[2] – деп бұйырған. Болашақ ұрпақ зинасыз, кіршіксіз, таза, пәк туылуы керек.

Осы күнде еліміздің түкпір-түкпірінде, әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, ақпараттық шақырулар таратылып жатады. Клуб, ресторан, кафе сияқты жерлерді қойғанда, ұрпақ болашағының тәрбиесін аманаттап тапсыратын білім ордаларында «әулие валентин күнін» өткізуге құмбыл тұрулары қатты қынжылтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі»[3], – деген. Сондықтан, өзіміздің кім екенімізді еш уақытта ұмытпағанымыз жөн.

Ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат, сүйіспеншілік Алла Тағаланың разылығы үшін және Оның заңдарының шеңберінен шықпауға, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдыққа негізделеді. Өйткені Алладан қорқатын адам дінімізге жат нәрседен бойын аулақ ұстайды, әрбір ниеті мен амалы үшін ақыретте Алла алдында жауап беретіндігіне кәміл сенеді. Алла Тағала: «Ізгілікке үнде және надандардан бет бұр»[4], – деп бұйырады.

«Уа, иман келтіргендер! Сендер өздеріңді және үй іштеріңді тозақ отынан сақтаңдар!»[5] деген аят түскенде, хазірет Омар (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі, біз өзімізді сақтаймыз-ау, бала-шағамызды қалай сақтай аламыз?» – деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сендерді неден тыйған болса, оларды сондан тыясыңдар. Алла сендерді неге бұйырған болса, оларды да бұйырасыңдар. Міне сол, оларды тозақ отынан сақтау болады», – деп жауап берген екен[6].

Ардақты ағайындар, қымбатты мұсылман бауырлар! Біз ар-иманын ту еткен, дәстүрін дінімен сабақтастырып, ұрпақтарын жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелеген бабалардың ақ жолымен жүріп, азғындық пен арсыздықа жол бермеуіміз керек. Дінінен, дәстүрінен ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр.

Сондықтан Жаратқан Жаббар Иеміздің алдында әрі болашақ ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болу үшін, ұлт болашағына балта шабатын жаман әдеттерден бойымызды аулақ салып, жауапкершілігімізді абыроймен өтеуге ат салысайық! Алла Тағала баршамызға тура жол көрсетіп, екі дүниенің бақытын нәсіп еткей!

 

Сансызбай Құрбанұлы,

ҚМДБ Төрағасының орынбасары,

Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі

[1] «Әли Имран» сүресі, 103-аят.

[2] «Исра» сүресі, 32-аят.

[3] Ахмад пен Әбу Дәуд риуаят еткен.

[4] «Ағраф» сүресі, 199-аят.

[5] «Тахрим» сүресі, 6-аят.

[6] «Тафсир әл-Қуртуби», 18-том, 195-бет.