КІРІСПЕ:
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның отбасы мен ізбасарларына салауат пен сәлем болсын.
Ислам діні мұсылман баласына ішіп жеуде, киім киюде, дүние жинауда және оны пайдаланып, жұмсауда орта жолды ұстауды бұйырған. Ішкен-жегеніміздің, киген киіміміздің, тапқан табысымыздың адалдығын қадағалаумен қатар, күнделікті тіршілігіміздегі несібемізді пайдалану жолында ысырап болмауына да көңіл бөлуіміз басты мәселе.
Адам баласы бұл дүниеге бостан босқа жаратылмаған. Ақыл-есі бар адамзат әрбір ісі мен сөзі үшін, өзін жаратқан Жаратушы Алланың алдында жауапты. Алла Тағала әрбір ақыл иесіне:
أَفَحَسِبْتُمْ أَنَّمَا خَلَقْنَاكُمْ عَبَثًا وَأَنَّكُمْ إِلَيْنَا لَا تُرْجَعُونَ
Сыры мен сынағы көп мына дүниеге келген адамдардың әрқайсысының жаратылысы әрқилы болып келетіні сияқты, материалдық жағдайымыздың да әрқилы болуы Алланың тағдыры әрі сынағы.
«Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» демекші, байлық нәсіп етсе шүкір етумен, кедейлік келсе, сабыр етумен де сауапқа кенелуге болады.
Алла Тағала адамды артық мал дәулетпен сынаққа алса, оның қадірін біліп, қажетті мөлшерде пайдаланып, оны берген Алланың жолында үлес бөлуді де естен шығармау шүкірлік нышаны. Ал, байлықтың буына мастанып, менменсу, өзгелерден озып тұру мақсатымен шектен шығу, әдептен тыс ішіп-жеу, киіну, мақтан мен атақ үшін асыра қаражат жұмсау – шүкірлікті, қанағат етуді қаперінен шығаратын жаман қасиет.
Өз ортасында оқ бойы озып, жоғарыдан көріну үшін асыра сілтеп, қарызданып, материалдық жағдайы көтермесе де қымбат ас ішіп, бағалы да жағалы киімдерге, қымбат көліктерге әуестену – тәкаппарлыққа және ысырапшылдыққа жол ашады. Ал бұл өз кезегінде шайтанның азғырушы амалдары.
ҚҰРАН АЯТТАРЫ:
Бірінші аят:
وكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ
Қысқаша түсіндірме:
«…жеңдер, ішіңдер…» Алла Тағала мұсылмандарға адал әрі таза, өз денсаулығына, басқаның өміріне зияны тимейтін нәрселердің әрбір түрін пайдалануға рұқсат етеді.
«…және ысырап етпеңдер…» алайда Алланың нәсіп еткен нығметтерін пайдалану жолында ысырап жасамаңдар, шектен шықпаңдар.
«..анығында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді».
Мұсылманның бұл жалғандағы басты мақсаты – Алланың разылығын табу. Сондықтан әрбір іс-әрекетімізде Алланың разылығын мақсат етіп, оған қарама-қайшы келетін амалдардан сақтануымыз керек. Ішіп жеуде және басқа да дүние мүлік жұмсауда, пайдалануда ысырап еткендер Алланың жек көретін амалы және мұндай күнә істерден сақ болуымыз керек.
Бұрынғы өткен салиқалы ғалымдарымыз, адал болып саналатын ас пен сусынның өзін мөлшермен ғана, қатты тоймай, құлшылығы мен жұмысына қажетті дәрежеде ішіп жеуді құп көрген, олар артық тойып ішіп-жеуді зиян әрі ысырап деп есептеген.
Екінші аят:
وَلاَ تَجْعَلْ يَدَكَ مَغْلُولَةً إِلَى عُنُقِكَ فَتَقْعُدَ مَلُومًا مَّحْسُورًا
Қысқаша түсіндірме:
«Қолыңды (сараңдық жасап) мойныңа байлап алма…» бұл метафорикалық, яғни ауыспалы мағынада ысырапшылықтың белгісі. Сараңдық адамның қолын желкесіне байлап, ештеңе бергізбейді. «…және қолыңды бүкілдей (тым ысырапқа барып) ашып та жіберме» бұл аят адамды жомарт болуға және мұқтаждарға көмек етуге шақыра отырып, өзінің отбасының материалдық жағдайына қарап іс қылу қажеттігін ескерткен. Сондықтан барлық дүниесін жұмсап, отбасына зиян келтірмеуі тиіс. Аяттың соңында Раббымыз бекер мақтан, мал шашпақпен жақсылыққа жете алмайтынымызды, керісінше сөзге қалып, берекеміз кетіп, таршылыққа ұшырайтынымызды ескертеді.
Үшінші аят:
وَالَّذِينَ إِذَا أَنْفَقُوا لَمْ يُسْرِفُوا وَلَمْ يَقْتُرُوا وَكَانَ بَيْنَ ذَلِكَ قَوَامًا
Қысқаша түсініктеме:
Жақсы амалдарға (садақа, жақындарға көмек және т.б.) жұмсауда екі түрлі шегі бар, олар: ысырап және сараңдық. Адам қаражатын оңды солды шамысынан асыра шығындану ысырапқа жатса, қолындағы артық болған, барын аяп қалу сараңдықтың белгісі. Нағыз мұсылмандық орта жолды ұстана білуі керек.
Төртінші аят:
وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلاَ تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا *إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُواْ إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا
Қысқаша түсіндірме:
Аятта айтылғандай, ысырап жасауды тек ішіп жеуде, киім киюде, дүние мүлік жұмсауда деп түсінбеу керек, Алла жолында жұмсаған сауап амалымызда да орта жолды ұстана отырып, даналықпен қайырымдылық ете білуіміз қажет. Жасаған қайырымдылықтың артынан тәкәппарлық, мақтан, ысырап бірге еріп жүрсе, амалымызды құрт жегендей, еңбегіміз бекер болмақ. Аяттағы «табзир» сөзі де ысырапты білдіреді. Ибн Абидин: «Табзир – ысырап сөзінің мағынасы ретінде мәлім. Дегенмен ысырап сөзі мен тәбзир сөзінің айырмашылығы бар. Ысырап – рұқсат етілген жағдайда қажеттен тыс, керегінен артық пайдалануды білдірсе, табзир – рұқсат етілмеген жағдайда қолдануды білдіреді», – деген. Мәселен, тамақтану рұқсат, ал сол рұқсатты қажетінен артық пайдалану – ысырап. Құмар ойыны және арақ-шарап ішу – харам. Тыйым салынған істе қаражат жұмсау – тәбзир. Сондай ақ, қаражатын әртүрлі харам нәрселерге жұмсап, мұқтаждарға қайырымы жоқ, Алла жолында сарп етуді ойламайтын пенделерге де аятта ескерту берілген.
ХАДИСТЕР:
Бірінші хадис:
وَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُلُوا وَاشْرَبُوا وَالبَسُوا وَتَصَدَّقُوا، فِي غَيْرِ إِسْرَافٍ وَلاَ مَخِيلَة
Екінші хадис:
أنَّ رسول اللَّه ﷺ قَالَ: إنَّ الشَّيْطَانَ يَحْضُرُ أحَدَكُمْ عِنْدَ كُلِّ شَيْءٍ مِنْ شَأنِهِ، حَتَّى يَحْضُرَهُ عِنْدَ طَعَامِهِ، فإذَا سَقَطَتْ لُقْمَةُ أحَدِكُمْ فَلْيَأخُذْهَا فَليُمِطْ مَا كَانَ بِهَا مِنْ أذىً، ثُمَّ لِيَأْكُلْهَا وَلاَ يَدَعْهَا للشَّيْطَانِ، فإذا فَرَغَ فَلْيَلْعَقْ أصابِعَهُ، فإنَّهُ لا يَدْري في أيِّ طعامِهِ البَرَكَةُ.
Үшінші хадис:
مَا مَلأَ آدَمِيٌّ وِعَاءً شَرًّا مِنْ بَطْن، بِحَسْبِ ابْنِ آدَمَ لُقَيْمَاتٌ يُقِمْنَ صُلبَهُ، فَإِنْ كانَ لاَبُدَّ فَاعِلُهُ فَثُلُثٌ لِطَعَامِهِ وَثُلُثٌ لِشَرَابِهِ وَثُلُثٌ لِنَفَسِهِ
Төртінші хадис:
إنَّ اللَّهَ كَرِهَ لَكُمْ ثَلَاثًا: قيلَ وَقالَ، وإضَاعَةَ المَالِ، وَكَثْرَةَ السُّؤَالِ
-
Өсек айтатын өсекшіні
-
Қажетсіз көп сұрақ қоюшыны
-
Құр босқа дүние шашушыны» [9].
Бесінші хадис:
أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَرَّ بِسَعْدٍ وَهُوَ يَتَوَضَّأُ فَقَالَ
ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:
Лұқман Хәкім: «Отбасыңа жақсылық жаса және басқаларға да солай етуді есіңнен шығарма, әйтпесе бұл дүниеде мақрұмдардан боласың әрі ақырет дүниесіндегі сыйыңнан құр қаласың. Үнемшіл бол және ысырапшыл болма. Мал дүниеге сараң болма, бірақ шашып төгуші де болма».
Омар ибн Хаттаб өз ұлына: «Әй, ұлым! Тамақты қарның тойғанша жеме, киімің тозбайынша тастама, Алла берген ризықты тек тамағы мен киіміне жұмсаған қауым сияқты болма», – деп өсиет айтқан екен.
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Сен ысырапқорлық пен тәкәппарлық сынды екі сипатқа ие болмасаң, қалағаныңның бәрін же, қалағаныңның бәрін іш және қалағаныңның бәрін ки»[11].
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Өз орнымен жұмсалған шығын ысырапқа жатпайды, ал ысырап еш уақытта жақсы нәтиже бермейді».
ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ ҚИССАЛАР:
Бірінші қисса:
Аббасидтер заманындағы Халифтің жеке дәрігерінен бір насрани:
«Сендердің кітаптарыңда медицина туралы білім жазылған ба?» деп сұрайды, сонда Дәрігер: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деген аятта Алла Тағала медицинаға қатысты ең басты мәселені қамтыған» депті. Насрани: «Ал, Пайғамбарларың не айтқан?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз ﷺ «Қарындарың барлық аурудың үйі, ал ауыз бекіту барлық дәрі дәрмектің ең үлкені. Сондықтан осыны әдетке айналдырыңдар» деп қысқа ғана хадиске сыйғызған» дегенде, жаңағы Насрани: «Сендердің Кітаптарың және сендердің Пайғамбарларың медициналық білімді сарқып тізбектеп айтыпты, ал Галенге айтар ештеңе қалмапты ғой» деген екен».
Екінші қисса:
Жан-жануармен тілдескен Сүлеймен пайғамбар құмырсқаның белінің сонша жіңішкелігінің себебін сұрайды. Құмырсқа: «Бұл менің қанағатшылдығымның, үнемшілдігімнің белгісі» деген екен. Оны немен дәлелдейсің дегенде: «Бидайдың бір дәнін бір жыл азық етемін» депті. Оны сынамақ болып Сүлеймен пайғамбар әлгі құмырсқаны бір жыл бір шишаға бір дәнмен қамап қойыпты. Бір жылдан кейін келсе, құмырсқа дәннің жартысын ғана жепті. Мұның қалай десе: «Мені ұмытып кетсеңіз, тағы бір жылға жететін үнемшілдік жасағаным ғой» деп жауап беріпті.
Үшінші қисса:
Атақты тәпсірші, тарихшы, хадис ілімінің майталманы имам ибн Жарир әт-Табаридің өмірі пенде атаулыға үлкен ғибрат. Ол секілді уақытын үнемдеген адам әлемде кемде-кем шығар. Қырық жыл бойы қатарынан күнделікті қырық бет ілім жазу оның әдеті болатын. Әбу Мухаммад әл-Фарғани «Силә» кітабында мынандай деректі келтіреді: «Балиғат жасынан бастап қайтыс болғанға дейінгі өмірінде жазған еңбектерін бөлген кезде әр күні 14 парақ еңбек жазған». Ол түске жақындаған кезде тамақ ішетін, содан соң кішкене ұйықтап, бесін намазын үйінде оқитын. Сөйтіп, екінті намазына дейін ілімге ден қоятын. Екінті намазы болғанда мешітке барып, жамағатпен намаз оқитын, намаздан кейін шәкірттерінен кешегі сабақты сұрап, жаттауға жаңа сабақ беретін. Ақшам намазынан кейін шәкірттеріне дәріс жүргізетін. Құптан намазынан кейін үйіне барып, дініне, өзіне және ілімге уақытын бөлетін. Атақты ғалым һижра жыл бойынша 224 жылы туылып, 310 жылы 86 жасында қайтыс болған. Мұсылман үмметіне 358 000 парақты қамтитын орасан зор еңбек қалдырған.
НАҚЫЛ СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:
1. Судың да сұрауы бар.
2. Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның, білсеңіз… (Абай Құнанбайұлы).
3. Қайтер еді, жігіттер, Тым қымбатты кимесек.
Мақтан үшін борышты, Үсті-үстіне үймесек.
Қаладағы байлардың, Ыңғайына билесек.
Аяғында қайтеміз, Банкрот боп күйресек (Шәкәрім Құдайбердіұлы).
4. «Құдайдың нығметі шүкіршілікпен тұрақтайды, ал қадірлемеумен қашады» (халық нақылы).
ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ЗИЯНЫ:
- Ысырапшылық халықты қарызға белшесінен батырады. Кейде өзгемен жарысамын деп жүргенде мал-дүниенің қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын, яғни Абайша айтқанда: босқа мал шашпақ болып жатады.
- «Өлім байдың барын шашады, кедейдің абыройын ашады» демекші, байлардың ғана емес, «олардан қалмаймыз» деген жалған намыс кедейлерді де бәсекелестікке жеткізеді. Бай адам барынан, бір бөлігін ысырап еткені әдет ғұрыпқа айналып, «кедейлердің менің одан қай жерім кем?» деген жалған намысын оятады.
- Жастар және жасөспірім балалар арасындағы қазіргі заманауи құрылғылармен бәсекелесуден туындаған ысырап, ата-ананың артық шығындалуына әкеп соқтыруда.
- Қазіргі уақытта несиеге зат алу жеңілдеген сайын ысырапшылық та етек алуда. Алғанда оңай болғанымен уақыты жеткенде қайтаруы қиынға соққан кезде, ұрлық-қарлыққа, тіпті сабырсыздық кесірінен суицидке де барып жатқандар қаншама.
- Азық-түлігімізді есепсіз алудың салдарынан күнделікті қаншама ас-нандарымыз қоқысқа төгілуде. Статистикалық мәліметтерде, жыл сайын әлемде азық түліктен 2,2 миллиард тонна қоқыс төгілетіні және бұл сан жыл санап өсіп келе жатқаны[12] айтылған. Осы ысырапқа сіз бен біз де үлес қосып отырғанымызды ұмытпайық.
- Ең үлкен ысырап, ол уақытты босқа жұмсау. Теледидардың алды мен телефонның бетін сипаумен өткен әрбір минутымыз үшін де есеп береріміз ақиқат. Қаншама игі істерге, туыс жақын, балаларымызға бөлінетін уақыт қайта келмес қазынамыз күнделікті ысырап болуда.
УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:
- Ысырап қажеттен тыс дүниелерге шығындалу деген сөз. Сондай-ақ қажетті дүниелердің өзін шектен тыс пайдалану шариғатта – харам.
- Ысырапшылдықтың орын алу себебі дүниеқоңыздық, көрсеқызарлық және тойымсыздық пен мақтан, яғни риа және бәсекелесуден болады. Ол шайтанның істерінен делінген.
- Намаздың кілті болған дәрет алуда да ысырапшылдыққа жол бермеуді бұйырған. Судың да сұрауы бар.
- Ата-аналар балаларының еркелігінен болған қалауын орындау үшін артық шығынға батып, тоқшылық пен баршылықтың арасында өсіруді дұрыс көріп, сұрағанын бере берсе, «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, ақыры қайырлы болмақ емес. «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден артық мұра қалдырған емес» делінген хадисте.
- «Біреудің артық асы бар, біреудің артық басы бар» демекші, Алла әркімге несібесін әртүрлі нәсіп еткен. «Кедей байға жетсем, бай құдайға жетсем» деген мақсатсыз арманнан бас тартып, бұйырғанынан артыққа секірудің қажеті жоқ. Мұндайда «көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дейді атам қазақ.
- Тойларымызға аты шулы әртіс пен атақты асабаны шақырып, жүз мыңдаған қарызға кіріп, кейінгі өмірімізді соны жабуға жұмсау, даңғазалық пен дарақылыққа жатады.
- Тойды былай қойғанда, қайғылы қаза болған қаралы астың өзі торқалы тойдың дастарқаны секілді аста төк жасау, жаназа рәсіміне кереғар әсер туғызады. Жаназаға келген адам өлімді еске алып, қайғыны бөлісу үшін келуі тиіс. Сондықтан да торқалы той мен топырақты өлімнің ас дастарханында айырмашылық болуы керек.
- Жастарға айтарымыз: ата-анаңыз сізді өсіріп, өз қатарыңызға қосу үшін күні-түні уайымда болды, тынбай еңбек етті. Ендігі ес жиып, етек қымтаған жасыңызда, олардың мойындарына артық жүк арта берместен, барға қанағат, жоққа сабыр етуді үйреніңіз.
- Ата-анаға айтарымыз: балаларыңыз сіздердің қадірлеріңізді біліп, еңбектеріңізді бағаласын, арам мен адалдың парқын ажыратып үйренсін десеңіз, өзін де өзіңізді де ысырапқа батырмасын десеңіз, оларға имани тәрбиеден артық азық жоқ. Абай атамыз:
Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы дегендей, оның бір ғана жолы дүниелік білімімен қоса мешітке жақын ұстап, діни тәрбиемен де сусындату.
ҚОРЫТЫНДЫ:
Құрметті мұсылман бауырлар! Ысырап болған жерде береке болмайды. Ысыраптан алыс, жомарттыққа жақын болайық. Әр нәрсенің орта жолын даналықпен ұстана білейік. Қасиетті Құранда:
ربَّنَا اغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَإِسْرَافَنَا فِي أَمْرِنَا وَثَبِّتْ أَقْدَامَنَا وانصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ
[1] «Мүминун» сүресі, 115 аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 31 аят.
[3] «Исра» сүресі, 29 аят.
[4] «Фурқан» сүресі, 67 аят.
[5] «Исра» сүресі, 26-27 аят.
[6] Ахмад. Мухтар «ӘлАхадис»111.
[7] Имам Муслим жинағы №2033 хадис.
[8] Тирмизи, зуһд, (нәпсіні тию) 47.
[9] Әл-Бұхари №2231 хадис.
[10] Имам Ахмад №6768, Ибн Мажа №419 хадис.
[11] Әл-Бұхари хадистер жинағы.
[12] «Umma» Исламдық журналы