ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/02/2024 984

ЗЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫНА ҮЙ АЛЫП БЕРУГЕ БОЛА МА?

ЗЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫНА ҮЙ АЛЫП БЕРУГЕ БОЛА МА?Зекет қаржысына мұқтажға баспана алып беру мәселесі шариғатта кедейге берілетін зекеттің үкіміне негізделеді. Ал кедейге берілетін зекеттің мөлшеріне қатысты ғұламалар арасында бірнеше көзқарас бар. 

Біріншіден, Ханафи мәзһабында дәулетті адам кедейге зекетті нисаптың мөлшеріндей (85 грамм алтынға, яки оның құнына тең келетін қаражат) немесе одан көбін беру – мәкруһ, бірақ парыз мойнынан түседі. Ал нисаптың мөлшеріне жетпейтін құнды беруге рұқсат етіледі (Әбу Юсуфтың пікірі бойынша, нисапқа жететін мөлшерді беру мәкруһ емес). Бұл – жеке бір адамға берілетін мөлшер. Егер отбасылы болса, онда олардың әрбіріне нисап мөлшеріндегі қаржыны немесе мал-дүниені беруге болады. Ал борышкерге қарызының мөлшеріндей, тіпті ол нисаптың көлемінен асса да беріледі («Радду әл-мухтар», 3/302. «Фәтху әл-қадир», 2/283. «Бәдәиу әс-сәнайығ», 2/479-780).

Екіншіден, Мәлики («Мәуәһибу әл-жәлил», 2/343. «Шарху мухтасар Халил», 2/215), Ханбали («Шарху мунтәһә әл-ирадат», 1/453. «Кәшшәфу әл-қаннағ», 2/284)  және Шафиғи мәзһабының («Әл-Мәжмуғ», 6/175. «Тухфәту әл-мухтаж», 7/164) бір көзқарасы бойынша, кедейге немесе міскінге және олардың отбасыларына бір жылға толық жететін қаражатты, яки мал-дүниені зекет ретінде беруге болады. Одан артығы берілмейді. Өйткені зекеттің міндеттілігі жыл сайын қайталанып тұрады. Сол үшін бір жылға жететін мөлшерді ғана беру керек («Әл-Мәусуғату әл-фиқһия», 23/316-317. «Кәшшәфу әл-қаннағ», 2/284). Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасына бір жылға жететін азық-түлікті ғана сақтағаны дәлел (Бұхари, №5357).

Үшіншіден, Шафиғи («Муғни әл-мухтаж», 4/185) және Ханбали мәзһабының («Әл-Инсаф», 3/338) тағы бір көзқарасы бойынша, мұқтажға өмірінің соңына дейін қажетіне жеткілікті мөлшердегі (кедейдің өзіне және отбасына азыққа, киімге, баспанаға, жиһазға, емделуге, балаларын оқытуға т.б. жететін қаражат) қаражатты беруге рұқсат (Мухаммад Мәжид Итр, «Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи»,321. «Әл-Мәусуғату әл-муяссара фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара (әл-қадая әл-муғасара фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара)», 306). Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш жағдайда басқа біреуден қажетін сұрауға болады деп, соның бірі ретінде апат жағдайында малы қырылып қалған адамға қажетіне жеткілікті нәрсеге қол жеткізгенше көмек сұрауға болатынын атап өткен (Мүслим, №1044).

Ханафи мәзһабының танымал ғалымы Ибраһим әс-Силқини былай дейді: «Осы пікірлерді жинақтай отырып, кедейді екіге бөліп қарастыра аламыз: Біріншісі – кәсіп иесі, саудагер, егінші секілді жұмыс істеуге шамасы келетін және өзіне жететін дүниесі бар адам. Бірақ жұмыс істеуге, шаруашылыққа қажетті құрал-сайман алуға немесе сауда жасауға қаражаты жоқ. Мұндай топтағы адамдарға өздерінің және отбасыларының қажеттілігін қанағаттандыру үшін жұмыс істеуге жеткілікті қаражатты зекет ретінде беруге болады. Екіншісі – жұмыс істеуге шамасы келмейтін адам. Мысалы, мүгедек, жетім-жесір, қарт адам. Олардың біреуіне бір жылға жететіндей мөлшерді зекет ретінде беруге болады. Оны айлық есебінде ай сайын немесе жыл сайын беріп отыруға болады.

Осы көзқарасты негізге алу көптеген мұқтаж жандарға жеңіл болмақ. Себебі ол хазіреті Омардың (оған Алла разы болсын): «Егер зекетті беретін болсаңдар, дәулетті етіп жіберетіндей беріңдер», – деген сөзіне (Ибн Әбу Шәйба, «Әл-Мусаннаф», №10526) сай келеді. Сондықтан зекет беруге шамасы келетін адамдар зекетін жұмысы жоққа жұмыс істеуі үшін, баспанасы жоққа үй алуы үшін, бойдаққа үйленуі үшін беруіне болады» (Ибраһим ас-Сәлқини, «Әл-Фиқһ әл-исләми», 2/109. Мухаммад Мәжид Итр, «Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 321-322).

 

Шешім: 
  1. Дәулетті адам кедейге зекетті нисаптың мөлшеріндей (мыс, 85 гр алтынның құнын) немесе одан көбірегін беру – мәкруһ, бірақ парыз мойнынан түседі.
  2. Жұмыс істеуге шамасы келмейтін мұқтаж адамға үй сатып алуға жететін қаражатты зекет ретінде беруге болады.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі