ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
11/27/2020 128

«ЖОМАРТ ЖҰМА» ДЕСЕК, ЖАРАСПАЙ МА?

Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың неше түрлі әдіс-айласы шықты. Соның бірі – «Қара жұма» (Black Friday) акциясы. Атауының өзінен адам қорқатын «Қара жұма» қайдан шықты?

Бұған қатысты бірнеше нұсқа бар. Бәрінің бастауы АҚШ-қа барып тіреледі. Соның бірінде бұл атаудың ХІХ ғасырдың соңында шыққаны айтылады. Американың құл иеленушілері «Алғыс айту» күнінің ертеңіне түрлі жеңілдіктер жасауды әдет қылған. Сол себепті бұл күн «Қара жұма» аталыпты дейді. Тағы бір нұсқада «Алғыс айту» күнінен кейінгі жұмада Рождество мерекесіне арналған сауда-саттық науқаны басталған. Тауарларға түрлі жеңілдіктер жасалған. Бұл күні жеңілдікке асыққан жұрт құмырсқадай қаптап, көшелерде кептелек тудырып, сауда орындарында ұзынсонар кезекке тұрып, жүйке жұқартқан. Тіпті соңы тәртіпсіздікке, қайғыға душар еткен. Жеңілдікке желіккен жұрт дүкенге баса-көктеп кіріп, талай жанды таптап кеткен оқиғалар болған. Сол себепті бұл күнді жұрт «Қара жұма» деп атап кеткен дейді.

Енді бір деректе бұл атаудың шығуына 1869 жылғы АҚШ-тағы алтын нарығының құлдырауы себеп болғаны айтылады. Нақтырақ айтқанда, Американың Джей Гулд мен Джей Фиск деген екі қаржыгері алтынды молынан сатып алып, үстіне баға қосып сатып, содан қыруар пайда таппақ болған. Алайда нәтижесі олар ойлағандай болмай шығып, арам пиғылы іске аспай, жер сипап қалған. Қос қаржыгердің қалтасы қағылған сол күн жұма екен. Бұған қарсы нұсқа да бар. Америкалықтардың бухгалтерлік есебі бойынша шығын қызыл түспен (in the red), ал табыс қара түспен (in the black) белгіленетін көрінеді. «Алғыс айту» күнінен кейінгі жұма жылдың ең табысты күні болғандықтан, бұл күнді «Қара жұма» деп атаған дейді. Алайда бұлардың бәрі де долбар ғана.

Қазақстанға «Қара жұма» науқаны осыдан оншақты жыл бұрын ғана келді. Сауда орындары осы күні 20 пайыздан 80 пайызға дейін жеңілдік жасайды. Black-Friday.global мәліметінше, қазақстандықтар науқан кезінде көбіне киім-кешек, тұрмыстық техника, аяқ-киім, үй тауарларын алады екен.

Осы күні сауда орындары мен дүкендер бар тауарын өткізіп қалуға тырысады. Сол үшін түрлі қулыққа басатындары да бар. Мысалы, 50 пайыз жеңілдік деп жазып қойғанымен, айналып келгенде өз бағасына сатып аласыз. Енді бірі мерзімі өтіп бара жатқан тауарларын салып жібереді. Былтырғы «Қара жұма» науқаны кезінде MEGA сауда орталығында болған сондай бір жайды facebook-тағы парақшасында журналист Бауыржан Карипов жазды.

«Алматыда «Қара жұма» акциясы кезінде жұбайым MEGA-дан 70 пайыз жеңілдікпен қуана-қуана бір тауар алған. Әйел заты мұндай акцияларды босқа жібермеуге тырысады. Үйге келіп, асықпай қараса, жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кетіпті. Жексенбі күні әйелімнің өзін жібердім. Бір уақытта сейсенбіге шақырды деп келіп тұр. «Қолданылу мерзіміне қарамаған өзіңіз кінәлісіз. Ол акция арқылы сатылған тауар. Қайтарып ала алмаймыз, оның үстіне бастықтар жоқ» деп шығарып салыпты. Қолданылу мерзімі өтіп кеткен затты дүкен иесі неге сатады?» деп реніш білдірді журналист. Шынында, Алматыдағы аты дардай сауда орындары тауарын таразылай алмаса басқаларынан не сұрауға болады?

Рас, бастапқы кезде дүкендер қабырғаларындағы «Black Friday», «Қара жұма» деген жазуларды онша түсінбейтінбіз. Бертін келе бұған да көз үйрене бастады. Алайда әлі де болса акцияның атауы көңілден шықпай тұр. Мұсылманы басым елде бадырайтып тұрып жазып, «Қара жұма» деген атаумен акция жасау құрметсіздіктің белгісіндей көрінеді. Мұсылмандар үшін жұма күндердің абзалы есептеледі. Дінтанушы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхан Исаханның айтуынша, «Қара жұма» атауы дінімізге ғана емес, заңымызға да қайшы.

«Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жұма күнін «Қара жұма» деп атау өте орынсыз. «Қара жұма» атауы Америкадағы нәсілшілдік қақтығыстардан хабар береді. Бастауы ақ пен қара деп жікке бөлінуден туындаған. Қара құлдарды сату кезінде жұма күні бағасын төмендетіп, түрлі жеңілдіктер жасаған. Кейін бұл сөз экономикадағы, әсіресе маркетология саласындағы терминге айналған. Бертін келе үлкен сауда орындары, супермакеттер осы күні жеңілдіктер жасайтын болды. «Қара жұма» атауы Еуропа елдерінде қалыпты термин ретінде қалыптасқан шығар. Алайда мұсылман елдері, мұсылмандары басым елде мұндай терминді қолдану дұрыс емес. «Қара жұма» деген жеңілдік жасалады деп хабарлаудың өзі – мұсылмандардың ар-намысына, діни сеніміне қолсұғушылық. Сондықтан бұл терминге біздің елде тыйым салу қажет. Бұған діни алауыздықты қоздыратын ұғым ретінде қарау керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға болмайтыны айтылған. Осы бап бойынша мұсылмандардың қасиетті саналған нәрсесін аяққа таптау қылмыс болып саналады» деді Мұхан Исахан.

Шынында, мәселе акцияның атауында болса неге оны өзгертпеске? Мәселен, Германияда «Қара жұманы» «Сауда күні» (Shopping Event), «Сары жұма» (Yellow Friday) деп атайды екен. Ал Қытай, Тайланд, Сингапур елдерінде бұған «Қызыл жұма» деген атау беріп, сауда фестивалі түрінде өткізеді. Түркияда «Қара жұма» атауын түрліше атайды. Бұл күні Түркияда «Керемет жеңілдіктер», «Ғажайып жұма», «Сәтті сауда» секілді акциялар жүреді. Ал Араб елдерінің көпшілігінде акция атауын «Ақ жұма» деп өзгерткен. Соған қарағанда бізге де акция атауын басқа сөзбен ауыстыру керек шығар?! Ел ішінде «Қара жұманы» басқаша атау туралы түрлі нұсқа айтылып жүр. Соның ішінде көкейге қонымдысы – белгілі журналист, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп ұсынған «Жомарт жұма» атауы.

«Біз еліктеп, солықтап жүреміз. «Қазақтың Пушкині», «Қазақтың Бальзагы» деген еліктеу ермелікке ұрынамыз. Сол секілді «Қара жұма» дегенді де тауып алдық. Қасиетті жұмамыз бір сәтте қаракүйелеш болып шыға келді. Қазақта мұның дәл аудармасы бар – «Жомарт жұма» десек, біреу тілімізді жұлып ала ма? Мұның бәрі – құлдық санадан арылмағандықтың салдары. Экономиканың әлі де орыс тілінде сөйлеп тұрғанының белгісі. Ұлттық ұғым, түсінік ұлт мүддесімен өріледі. Кірме тілдің кедір-бұдыр қойыртпағын қағып алып, «Қара жұма» болғалы жатыр деп өрекпіп жүрген қандастарымызды көргенде қасиетті жұманың киесі ұрмас па екен деп тағы алаңдайсың. «Жомарт жұма» деген сөзді қалың қазақ бір ай қолданса, өзге жұрт сол қалыпқа өздігінен түсер еді ғой» дейді Нұртөре Жүсіп.

Шынында, акция атауын «Жомарт жұма» десек, жарасып кетпей ме? Қасиетті жұмамыздың қасиетін қашырмайық десек, «қара» атауынан қашқанымыз дұрыс шығар. Сіз не дейсіз?

Серікбол ХАСАН