ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/22/2021 10

ЖЫРАҚТА ҒҰМЫР КЕШКЕН НАСРУЛЛА АТ-ТАРАЗИ

ЖЫРАҚТА ҒҰМЫР КЕШКЕН НАСРУЛЛА АТ-ТАРАЗИ

Еліміз 1991 жылы ұзақ жылдарға созылған бодандық езгіден соң үстемдік құрған алпауыт қызыл империя ыдырап, қандас-бауырлары егемендік алғанда жүрегі жарыла шаттанған, шабыттанған Каирде тұратын 69 жастағы зиялы, профессор Насрулла ат-Тарази еді. Ол шынайы, риясыз сезімін, жан-тәніндегі тебіреністі поэзиямен өрнектеді. Себебі ол осы жақсы күнді ұзақ сарыла сарғая күткен еді. Ата жұртының еркіндікке жетуін армандаған еді, әрі дұға-тілегінде Жаратушыдан сұрады. Осы жолда қанша тепіреш көріп зарықса да Жаратушының әділеттілікті қалпына келтіріп, қуанышты күнге өзін де куәгер ететіне сенді, үміт отын үзбеді.

Журналистерге берген бір сұхбатында Түркістанның бұғаудан құтылғанына куәгер болған шағын  «анадан жаңа туғандай болдым» деп сипаттапты. Тәуелсіздік туы көтерілген жылғы өлеңін «Бақытты күн» деп айдарлап, большевик, коммунистер жетпіс үш жыл зар жылатқан Түркістан  азат болды деп жар салады. Дербестікке жету үшін бес миллион адам  қырылды, соншама қорланып, азап тартты деп жырлады. Бұл күнге жеткізген Аллаға шүкірлік етеді, енді төгілген бейкүнә қанның орнына қызыл қызғалдақ гүлдеп өсіп шықты деген бейнелі көркем түйінмен аяқтайды.

7 жасар бала Насрулланы Кеңес үкіметінің дінге қарсы күресіне ашық қарсы тұрғаны үшін Шымкент түрмесіне үш рет қамалып, алда күтіп тұрған ауыр жазасынан аман қалу үшін амалсыз 1930 жылы жат елдерге бас сауғалаған әкесі, Әулиеата шаһарының мухтасибі Мүбашир әл-Хүсейни тастамай жетектеп алып кеткен. Содан Ташкент қаласына барып аялдады. Аласапыран болып жатқан шаһарда тұрақтап қалу қатерлі болғандықтан, Ауғанстанға табан тірейді. Ол Түркістанның азат ел болуы үшін бар ғұмырын арнаған әкесінің жанынан табылып, қолдаушы әрі серігіне айналды. 1943 жылы Кеңес одағына шекарадан соққы беруге мухажирлердің басын қосып, ұйымдастыруға бел шеше бекінген әкесінің жанында жүргені үшін ұсталып, кейін түрмеден босатылғанда әулет Пәкістанға көшеді. Сол уақыттағы Египет пен Суданның билеушісі король Фарухтан пана сұраған өтініштері қанағаттандырылған соң әулетімен 1950 жылдан Мысырға барып қоныстанады. Каирде өмірінің соңына дейін тұрып, парсы, түрік қолжазбалары бойынша маманданып, осы саланың аса білгірі, ғалымы ретінде мойындалып, мәшһүр болды. Қолжазбалар мен кітаптар арасынан  Түркістанның арлы-берлі тарихына қатысты деректерді cүзіп жинақтады.   Қолжазбаның білімдары хақында Нұр-Мүбарак университетінің  алғашқы ректоры, академик, марқұм Махмуд Фаһми Хидзажи де жиі айтушы еді. Хиджази Мысырдың қолжазба мұралары жинақталған басты мекеме Дарул Кутубтың (Кітаптар үйі, ұлттық архив) директоры қызметін атқарғанда  Насрулла сол жерде бас маман болып жұмыс істеген. Хиджази Алматыда тұрып, 13 жылға жуық ректор болғанда мен проректор ретінде жанында болып, жақын араластық.

Әкелі-балалы екеуінің «ат-Тарази» ныспысын иеленуі шет елге кеткеннен кейін болған. Өйткені 30-жылдардың репрессиясында Қазақстандағы тергеу хаттама материалдарындарында елде қалған діндарларға Ауғаныстанда тұрып жатқан «Мүбаширхан ишан Сейітханишановпен»  байланыс орнатты, контреволюциялық ұйымның мүшесі болды деген жалалар таңылғаны таңбаланған. Ауғаныстанда Орта Азияның түрлі өңірінен шыққандар арасында, Кеңес үкіметінен қашқан миллиондаған эмигрант ортасында өзін  атамекені арқылы ап-анық бөлектеніп, білінуі үшін Әулиеата қаласының байырғы тарихи атауымен «Тараздан» екенін Ислам ғұламаларына тән  дәстүрмен ныспысын аты-жөндеріне қосқан, ал тұңғыш ұлының қысқартылған есім-куниясындағы «Әбу Насыр» – «Насрулланың әкесі» деген сөз. Шетелдегі кеңестік барлаушылардың 40-жылдан кейінгі орталыққа жіберген мәлімдеме хаттарында оларды енді «ат-Тарази» деп көрсете бастауы осы пікірімізді қуаттайды. «Насрулла» – қазақшалағанда «Алла жолын ұстаушы, қорғаушы» деген мағынадағы мұсылмандар жиі қоятын есім.

Насрулланың поэзиялық шығармаларында жас кезінде  туған жерінен , анасынан амалсыз ажырағанын, оның еліне деген сағыныш сезімін   кестеленген. Оның қайсар әкесі Әбу Насыр да жыр жазған. Әулиеатада  Кеңес үкіметі дінге тиісе бастағанда бұғып қалмай көшеде медресе шәкірттерін шерулетіп, қарсылығын ашық түрде өлеңге арқау еткен. Ауғанстан түрмесіне қамалып, 5 жылдан астам уақыт абақтының тас  қапасында отырғанда қалам тербеп, Кеңес үкіметінің зұлымдығын, қиянатын  әшкерелеуін парсы тілінде көлемді шығыс шайырлары қолданатын мәснауи жанрымен тоқып шыққан. Ғұлама әкесінің өлеңдерінде ұрандық, саяси сарын пафосында ашық басым бой көрсетсе, ұлының туындылары нәзік лиризммен, сыршылдық мақамымен тәнті еткізеді.

Насрулла қарияны 2001 жылдың маусымында Каирде Қазақстанның елшілігіндегі ресми қабылдауда алғаш рет көрген едім. Мысырға сол уақыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбдсаттар қажы Дербісәлімен бірге барудағы мақсатымыз Нұр-Мүбарак университетін ашу дайындығы, Жарғы мен оқу бағдарламаларын екінші тараппен талқылап, әзірлеу еді. Елшіліктің қабылдауында Египеттің Уақып министрі Хамди Зақзұқ бастаған жұмыс тобының мүшелері қатысты.   Қазір ойласам, қарт ғалымның  Қазақстанның Египеттегі Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Мусинов құрметті меймандар қатарында кешкі босқосуға шақырғанда ұлы Мүбаракты тастамай ертіп келуінде де сыр бар екен. Бір айға жетпей, 18 маусымда Алматыда Нұр-Мүбарак университеті туралы екі үкіметаралық келісімге қол қойылып, оқу орны студенттер қабылдауға кірісті. Келесі жылы дәстүрлі діни конференцияға қатысуға Каирге тағы да жолымыз түскенде Насрулла бұ дүниеде жоқ еді. Ал тұңғышы Мүбаракпен кейінгі сапарларымызда бірнеше мәрте ұшырасып,  үйінде болып, әкесіне қатысты мәліметтерге қаныға түстім. Кейін Мүбарак Алматыға екі рет келгенде де Нұр-Мүбарак университетіне соқпай кеткен емес. Соңғы ұшырасқанымызда көзі жасаурап, өзінің 2016 жылы Каирде жарық көрген «Тарази әулеті» атты кітабын сыйлаған еді. Осы кітапты парақтағанымда әкесінің 13 өлеңін, соның ішінде «Отаным», «Жасыл  байрақты Отан-анам», «Отан-анам – Түркістан шақырады», «Ұлы Отаным Түркістанға» деген туындыларын жариялағанын көрдім. Осы еңбегінде  автор әкесінің туындыларын бағалы мұра деп, Отанына, соның ішінде туған жері Таразға жеткізу болғанын, өкініштісі бұлардың араб тілінде жазылғанын тілге тиек етіпті. Мүбарактың айтуынша, бірнеше тілде араб, парсы, түрік (шағатай) тіліндегі өлеңдері топтама құрайды, кассетаға басылған. Мүбарак бұл өлеңдерді мирастай санап, көз қарашығындай сақтап, Александриядағы кітапханаға тапсырумен бірге, әкесінің жазбаларын ата жұртына аманат етті, Қазақстанның мемлекеттік мұрағатына өткізді. Насрулланың өлеңдерінің басым бөлігін Нұр-Мүбарак университетін араб тілі мамандығы бойынша бітірген, қазір Орталық мемлекеттік архивтің қызметкері Бақдәулет Омаров  қазақша сөйлету талпынысы құптарлық.

Бала Насрулланың медреседе оқып жүрген кезі

Насрулланың өлеңдерін жазылу уақытына қарап екіге бөліп: 1991 жылғы  тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздік кезеңінен бергі мезгілде туындаған деп қарастырған дұрыс. Алайда көп туындыларының  дәл жазылу уақыты қойылмағандықтан,  тек мазмұнына қарап шамалауға болады. «Жауынгер жебесі» деген өлеңінде автордың күрескер қаһарман бейнесі, образы сомдалғанына, Тараздағы балалық шағын «арыстанға» теңегеніне қарап   ертеректе жазылған болар деп пайымдадық.

Шешесі Әлияханмен жеті жасынан кейін қайта кездесудің мүмкіндігі болмады. Анасы текті, сопылық тариқатты ұстаған әулеттің ұрпағы. Әкесі Зиядуллахан қырғыздардың мүршиді, Ислам дінін уағыздаушы болса, бабасы  Әбулқасымхан ишан (1816-1892) Мәураннаһрдағы қасиетті сопылық тариқаттың тізбегіндегі соңғы уәкілдерінің бірі болған. Әбулқасым ишан атын иеленген медресе – Ташкент ортасындағы Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі беделді ислами оқу орны болған. Мүбашшир Әбу Насыр әл-Хүсейни    осы білім ордасында шыңдалған, терең білім алған.

Каирге келіп қоныстанған соң да Насрулла елде қалған анасын естен шығармаған, бірақ темір қамал құрсауындағы Кеңес одағындағы ағайыннан  жарытымды хабар-ошар алудың өзі қиын еді. Әрі сыртта жүрген ат-Таразилер Кеңес одағының үрейлі дұшпаны санатында Қауіпсіздік орындарының үнемі бақылау-назарында ұсталған жандар еді.

1943 жылы немістермен қасап майданда жан алып, жан берісіп жатқан мерзімде Сталин билігінің дінге деген көзқарасы аздап жібіп, соғыс біткеннен кейін қажылыққа рұқсат берілді. Бірақ қажылық квота санын қатаң қысыммен шектеп, 20 адамнан асырмаған. Сонда парызын өтеу бақыты бұйырғандардың арасында Жамбылдан бір ғана адам ғана барған. Осы  жерлестерімен жүздесіп, елден хабар алу үмітімен Меккеге Каирден ұлымен бірге келген Мүбашир ат-Таразидің «Тағы 20 ғана орын» деген мысқыл сөзін қажылардың әр қадамды аңдып, құлақ түрген Кеңестік тыңшылары қағазға түсірген.

Ұлы Меккеден қажылыққа келгендерден шешесі туралы сұрастырып, анасына өзінің аман-есен жүргенін, сәлемін жеткізуді өтінген. Кейін  қажылықтан оралған имамнан анасы ұлының тірі екенін білген. Насрулланың шешесін жанына алдырып, өмірінің соңғы жылдарын қасына өткізуге қанша әрекеттеніп, Кеңестік үкіметіне дипломатиялық тәсілде қанша хат жазғанымен жолы болмағандығын тізіп отыруды ұмытпаған  тыңшыларды да толқытқандай (Материалы САДУМ о паломничестве в СРК и зарубежных связях (1945-1956гг), ГАРФ, Ф.6991, Оп.4, Д.102; Мухтарова Галия Дианисовна, «Ислам в советском Казахстане (1671-1991 годы). Диссертация на соискание ученой степени доктора исторических наук», Уральск, 2007). Кеңестік қауіпсіздік қызметкерлерінің хатталған жазбаларынан шешесінен көз жазып қалған, қайта қосылуға әрекеттенсе де кедергіге тап болған  Насрулланың аянышты тағдыр талайы ет пен сүйектен жаралған кез келген адамның бойын шымырлатып, тебірентпей қоймайды. Әлі кеңестік құпия архивтердегі бүкпеленген құжаттардан бұл отбасына қатысты ақиқаты  ашыла түсетін күндер әлі де алда деп есептеймін.

Насрулланың «Сүйікті анама» шығармасының соңындағы «Негізгі түпнұсқасы парсы тілінде жазылып, араб тіліне аударылған. Өлеңнің соңындағы «1415 жылдың 28 зулхиджасында, яғни 28 мамыр 1995 жыл» дегенді арабшаға аударылған мерзім деп болжаймыз. Бұл туындының  «Менен ажырап қырық жыл қасіретте болдың» деген жолында меңзелген уақытты 1970 жыл десек, бұл мерзім не түпнұсқаның жазылған жылы, не шешесі Әлияханның қаза болғанын естіген кезі шығар деп шамалаймыз.

Өлеңде тұтас отбасын ойрандап, шешесі мен баласын ажыратып, қайта табыстыруға бөгет болып, адамдық құқын таптаған Кеңестік дәуірдің ащы шындығы бейнелеген.

«Анам-ау» деп бастайыншы сөз басын,

Қырық жылғы сағынышым қоздасын.

Раушан гүлде бір қара дақ бар еді,

Білем, ана, ол да – сенің көз жасың.

Тіршілікте талай азып, тоздыңдар,

Келді солай тұман басқан боз жылдар.

Ұлысыңды жаныштады, қырғындап,

«Коммунист» деп аталатын озбырлар.

Бұл өмірден күдеріңді үзбедің,

Бұл далада сайрап жатыр іздерің.

Мен ауырсам жанды қояр жер таппай,

Жарты жаһаннан дертке дауа іздедің.

Солғын тарттың, білем, қатты жүдедің,

Соны көріп қан жылайды жүрегім.

Ұлыңды көбелектей боп шыр айналған –

Ана, сенің қасиетіңді білемін!

Жазылмады сенің жаның жарадан,

Енді қайдан өзіңді іздеп таба алам?

Өсіп-өнді ұрпақтарың бақытты,

Әттең, соны көре алмадың, жан анам!

Сен туралы сағынышым – зор қайғым,

Өзің жайлы талай жырлар толғаймын.

Қайран анам, жәннат болсын тұрағың,

Дұға оқып, иман тілеп, қол жайдым! (Қазақша өлең қалыбына салған – Қайрат Құлмұхаммед).

Әлия апай

Осы отбасына жақын бүгінде Таразда тұратын көнекөздерден сұрастырғанымызда жат, бейтаныс елдерге бой тасалауға мәжбүр болған ерінің етегінен ұстап кетуге ата-баба топырағын қимай қалған Әлияхан апайдың екінші перзенті Әминамен бірге тұрғанын, ұлын уайымдап, қайғы жұтумен 1969 жылдарға дейін ғұмыр кешкенін естідік.

Мысырға келіп, енді етек-жеңін жиып, бойын тіктей бастаған Насрулланың отбасында 1956 жылы Рамазан айының 14-күні қайғылы жағдай болды. Оның  он төрт жыл оттасқан сүйікті зайыбы, Бұхара әмірінің соңғы билеушісі  Әлімханның қызы Махрам Маһбижим кеселден оңала алмай қаза тапты. Артында төрт перзенті – үлкені Мүбарак (7 жаста), кенжесі тоғыз айлық емшектен шықпаған сәбиі қалды. Насрулла туған анасынан жастай айырылған шиеттей балаларының қасіретті хәліне азаланып, қара жамылғандағы  күйінішін парсы тіліндегі назымға айналдырып, кейін арабшаға аударып шықты. Бұл шығармасы сол кездегі Мысырдың баспасөзінде жарияланған.

Насрулла ат-Тарази «Үміт» туындысында ұзынсонар соқпақты эмиграциядан қамыққан налалы көңіл-күйін «батқан айға» балау арқылы айшықтайды. Өзін дауылды теңіз толқындары арасында қалықтаған құсқа теңейді. Ұзақ һижрат жолдан қажыған, жүрегі жаралы, жүзін мұң торласа да сенімін жоғалтпауға, сабырға шақырады. Қасиетті мақсат-мүдде үшін тайталаста «жиһадшылдықтың амалы – ілім» деп тұжырымдайды.

Ат-Тарази өлеңдерінің негізгі өзегі, басты арқауы – алыста қалған Отан тақырыбы. Ең алдымен парсы тілінде жазып, кейін арабшаға уәзінмен тәржімалаған. Оның ең алдымен парсы тілінде жырлауы, біріншіден, бұл тілді жетік меңгеруі, ыңғайлы болуы, ал кейін араб тіліне аударуы Мысырдағы ортасына, айналасына түсінікті болсын деген қажеттіліктен деп ойлаймыз. Оның «Отаным» атты өлеңі 1960 жылы Каирде дүниеге келген. Өлеңнен ақын ұзақ жыл сыртта сергелдең сапарда жүргендей, осы жолда қанша адам ажал құшты, осы күрестің, шайқастың қарым-нәтижесі қашан болады, қашан жеңіске жетеміз деген шерлі, шалдығу, қажу байқалмай қалмайды. Египет өгейсітпей, өз туысындай қамқорлығына алып, бала-шағасы көбейіп, абыройлы болса да жаны беймаза, тыныштық таппаған,  көңілі қамырық алай-түлей алаң, жаралы жайын жайып салады. Атажұртқа, туған жерге деген сағыныш, аңсау шері жыр болып төгіліпті. Ол өлеңдерінде әрдайым «ұзақ сапарда жолда жүрген» деген қалыпта танытады. 

Көз жас пен қайғы жетер,

Жылдар бойы сағыныш жалғасып келер,

Ұйқы кетті, өкпе орнықты, жетер.

Бөгде елде мәжнүндік пен қайғы,

Қамауда мыңдаған пәк жандар қалды,

Сансыз душар, жылаған жүректер,

Жиһадқа шақырар шын момындар.

Жан сығылып келеді, қашан құтылыс?

Үміт үзілді, қашан жеңіс?

Шейіттердің қаны төгілді бұл топыраққа,

Қашан нәтиже, қайда жеміс?

Түндер өтті түстерден тыс қалдым,

Көз жас құрғаса, келсін бе ұйқы,

Өмірімнің қуанышы сен үшін пида рухым,

Сен Отанымсың – ұлы топырағым.

Ұзақ болғаным, сапар шеккенім, жетер,

Сен ұзақта болсаң, түн айсыз өтер.

Саған деген махаббат жүректе орнығар,

Айырғанымыз үшін жүрегім жарылар.

Насрулла ат-Тарази өлеңдерінде Отаным және анам деген сөздер қатар баламаланып бірігіп кетуі осы екі ұғымның қастерлілігін әрі кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілігін, махаббатты нақыштайды. Киелі Отан ұғымының қасиеттілігін айқындауды сөз алдына «ұлы» эпитетін қосумен күшейтеді. «Ұлы Отаным Түркістан» атты туындысында атамекенді аңсап, зарығумен жырақта жүруім тым ұзаққа созылып кетті, енді қашан көремін деген сұраумен, кәрілік меңдеп, енді қалған қысқа ғұмырында Алладан әр шұңқыры жадында ұмытылмаған туған жерге табаны тиіп, иіскеп мауқын басатындай қауыштыруды жалбарына тілейді.

Еліміз тәуелсіздік алған жылы жазылған «Отан Ана Түркістан шақырады» деген өлеңінде атажұртының топырағын қайта басуға жабылған жол қайта ашылғандай, үміті қайта тұтанған толғанысты күйін бедерлейді. Шет өлкеде қоныстан қоныс аударып, ұзақ сапардан шаршап шалдыққан тірі өліктей бейбақты мәңгі жайқалған бақ өзіне қол бұлғап шақырғандай, балғын шақтың елесі ойда  жаңғырып, кел дегендей, жүректе түйілген сағыныш дамыл бермей, енді өткен қайғыдан серпіл, енді тәуелсіздіктің қуанышы тауқымет-бейнеттің бәрін ұмыттырады деп, қайта дәрменденіп, әлденгендей күйге бөленеді.

Насрулланың туындыларындағы Отанын Түркістан деп алуы отаршылдық, кейін коммунистерге бағыныштылыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыста қазақ, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт сынды туыс халықтарды бөлмей, керісінше  ортақ мақсатта біріктіре түсуді көздейтін «түрікшілдік» идеямен тамырласады.

Насруруланың ұлы Мүбарактың да ақынға тән сезімтал жан екенін  байқадым. Ол да өлең жазады. Бірақ тек араб тілінде. Жоғарыда аталған кітабында ұсынған өз қаламынан туған 16 өлеңнің біріншісі «Отаным» деп аталыпты. Мүмкін кішкентайынан күрескер атасы Мүбашир Әбу Насырдың, әкесі Насрулланың тәрбиесін көзбен көріп, әңгіме-естеліктерін құлағына құйып өскендіктен болар. Не әкесінің тағдыры басында қайталанып, жеті жасында көз жазып қалып ана мейіріміне қамбағандықтан шыққан толқыныс. Қалай болғанда да лирикалық өлең – ішкі дүниені шарпаған бұлқыныстың иірімді белгісі. Мүбарак дін үшін қызмет еткен, коммунистік тәртіпке мойынсұнбай күресіп өткендердің ұрпағы екенін, «Тарази» ныспысын мақтан тұтады, өз аты-жөнін толықтай «Мүбарак Насрулла Мүбашир ат-Тарази» деп атайды.

Насрулла ат-Таразидің поэзиялық мирасының құндылығы – Тәуелсіздік жолындағы күресті жеке басының күйзелістері, ішкі жан әлеміндегі  бұлқыныстар арқылы әсерлі, көркем бейнеуінде әрі туған жердің қадір-қасиетін ардақтап-бағалауға, отансүйгіштік рухты ұштап, бойға сіңіруге  баулитындай бояу-нәрінде, терең мән-мазмұнында.

Биыл ҚМДБ елімізде Ислам дінінің қанаттанып-дамуына серпін берген үш  елеулі оқиғаны атап лайықты, мазмұнды деңгейде атап өтуге дайындалуда. Біріншісі – біз сөз етіп отырған Таразилердің кіндік қаны тамған тарихи шаһар түбіндегі жасыл тудың желбіреуін тездеткен тағдыршешті Атлах шайқасының 1270 жылдығы. Екіншісі Насрулла қуантқан, асыл дініміздің соққылардың зардабынан жазылып, бойын қайта тіктеуге септескен Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл. Үшіншісі – еркіндік үшін күресте қуғын-сүргінге ұшыраған Таразилерге азаматтық беріп, қорған болып, «екінші Отанына» айналған Мысыр мен Қазақстан арасындағы ортақ жоба, жоғары білімді ислам кадрлары тәлім алатын жоғары оқу орны – Нұр-Мүбарак университетінің қақпасының ашылғанына 20 жыл.

Насрулла отбасымен бірге, Египет

Тәуелсіздіктің отыз жылдық белесінде еліміздегі сан салалы оң өзгерістер қатарында жер-су аттарындағы жөнсіз бұрмалаулардың жөнделуін айтар едік. Сол қатарда 1997 жылдың қаңтарында Президент пәрменімен отарлау кезінде Әулиеата болып, кейін Кеңесі үкіметі тұсында Мирзоян, Жамбыл болып құбылған көне кент Тараз тарихи, байырғы атын қайтарып алды. Сол 1997 жылдың күзінде Өзбекстанға үлкен ғылыми конференцияға шақырылған Насрулла ақсақал тұла бой тұңғышы Мүбаракты ертіп, зарықтырған туған қаласына көзі тірісінде табаны тиіп, анасының қабіріне зиярат жасады, аман қалған ет жақын туыстарының ұрпақтарымен, нағашыларымен қауышты.

Насрулланың мысырлық газеттеріндің біріне берген сұхбатында Таразда бабаларының жеті атасынан үзілмеген шейхтар болғанын тарқатыпты. Мұрағат қорында сақталған оқымыстының өз қолымен жазған мағұламаттардан атасы әл-Хусейнидің Нақышбандия тарихатындағы сопылықтан айнымай өткені жайлы, діндардың 80-нен асқан кәрілігіне қарамай баласының ізімен Ауғанстанға барып, бірге тұрғанын, одан әрі ауыр жол азабына тәуекел ете алмағанда жүз жасында Кабулда топырақ бұйырған дерегі айқындалды. Ал Хусейнидің ұлы мен немересі Әбу Наср мен Насрулла ат-Таразилер Каирде әл-Ибахия ауданындағы Нақышбания тарихаты мектебін насихаттаған дәруіш Умру бин әл-Ас мазаратына жерленді. Осылайша Ніл жағасында көз жұмғанда марқұмдық мәңгілік мекендерінде де  Тараздық шейх ата-бабалары ұстанған тақуалық сопылық жолдағы рухани бауырластықпен жалғанатын жақындықты, сабақтастықты іздегендей.

Шамшәдин КЕРІМ,

профессор, Нұр-Мүбарак университеті Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры

(Сурет Тараздағы Әлияхан келінінен алынып алғаш жарияланып отыр)

«Мұнара» газеті, №1-2, 2020 жыл